Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті (бұдан әрі-Департамент) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шартында тауарлық газға ақы төлеу шарттарында баяндалған талаптарға қатысты өтінішін қарау аясында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс-Қазақстан өндіріс филиалы (бұдан әрі - «ҚазТрансГазАймақ» АҚ) атына сұрау хаттар жолдады.
Департаменттің сұрауына «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы жауабында шарттың талаптары ҚР барлық коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылары үшін бірыңғай екендігі туралы ақпарат берілген.
Алайда, Департамент филиалдың монополияға қарсы органға дұрыс емес және (немесе) жалған ақпарат бергендігін анықтады. Өйткені кейбір шарттарда коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылармен жасалған шарттарды іріктеп талдау кезінде талаптар басқа редакцияда жазылып, әртүрлі шарттарды қолдануы анықталды.
Осыған байланысты, Департамент «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалына қатысты монополияға қарсы органға дұрыс емес ақпарат беру фактісі бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 162-бабы бойынша әкімшілік іс қозғады.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы 5 520 000 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Айта кетейік, сот ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес, салынған айыппұл сомасын 30% дейін, яғни 3 864 000 теңгеге азайтты.
Бүгінгі күні айыппұл толық көлемде төленді.