Ақмола облысында көмір бағасын көтеру және ұстап тұру фактілері анықталды

Ақмола облысында көмір бағасын көтеру және ұстап тұру фактілері анықталды

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті (Департамент) Ақмола облысындағы көмірді сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес көмірді сату бағаларын белгілеу және (немесе) ұстап тұру бөлігінде бұзушылықтар анықталды. Осының негізінде Департамент «Ақ Сұңқар 2000» ЖШС, «Камила» ЖШС, «Акопян Г.С.» ЖК, «Курафеев О. А.» ЖК, «Чихун Т. В.» ЖК, «Алтын тас и К» ЖШС, «Бұланды-көмір» ЖШС, «Жарова З. К.» ЖК атына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы хабарламалар шығарды.

Ақмола облысының Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Жарқайың аудандарында көмір бағасын белгілеу және ұстап тұру фактілері анықталды.

Қазіргі уақытта 8 хабарламаның 7-і орындалды. Мысалы, Шортанды ауданындағы «Ақ Сұңқар 2000» ЖШС «Д» маркалы көмір бағасын 15 200 теңгеден 14 200 теңгеге дейін (7%-ға) және 14 500 теңгеден 13 900 теңгеге дейін (4%-ға) төмендетті. Сонымен қатар, «Акопян Г.С.» ЖК ұқсас көмір маркасына бағаны 16 500-ден 15 000-ға дейін немесе 10%-ға төмендетті.

Ақкөл ауданының шекарасында «Ақ Сұңқар 2000» ЖШС «Д» маркалы көмірдің бағасын 14 500 теңгеден 13 700 теңгеге дейін (6%) төмендетті. Осы уақытта «Акопян Г.С.» ЖК ұқсас көмір маркасына бағаны 14 500-ден 14 000-ға (4%) дейін төмендетті.

Нарықтың басқа субъектілері шығарылған хабарламаларды орындау үшін алдағы уақытта сатып алу бағасына және басқа да шығындарға байланысты бәсекелестік бағаларды белгілеуге міндеттенеді. Осылайша, бәсекелеске бағдарлана отырып, баға белгілеу практикасы тоқтатылады.

Қосымша хабарлайтынымыз, Департамент апта сайын отын-энергетика кешені саласында бағалық сөз байласуды және бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерді анықтау үшін тауарлар бағаларына мониторинг жүргізеді.

Ашық көздерден алынған фотосурет