Монополияға қарсы агенттік «Астық Транс» АҚ-ның әрекеттеріне қызығушылық танытты

Монополияға қарсы агенттік «Астық Транс» АҚ-ның әрекеттеріне қызығушылық танытты

БАҚ-та ресейлік астық тасығыш оператордың әрекеттері туралы хабарламалардың пайда болуына байланысты, ағымдағы жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті (Департамент) «Астық Транс» АҚ-ның басшылығымен астық тасымалдау жөніндегі қызметтердің құнының өсуіне қатысты бейнеконференция өткізді.

Вагондарды жалдау және ілеспе қызметтер реттелетін нарықтарға жатпайды. «Астық Транс» АҚ-ның ақпараты бойынша 2020 жылы тарифтердің өсуі жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, вагондарды ұстау шығыстарының ұлғаюымен байланысты болды. Бұдан басқа, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің деректеріне сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның теміржол жүк тасымалдарына арналған тарифтері орта есеппен 7%-ға өсті.

Астық тасығыштарды ұсыну қызметтерінің құны бойынша толық ақпарат алу мақсатында Департамент «Астық Транс»АҚ-ға тиісті сұрау салу жіберді. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүк тасымалдау нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізуге кірісті. «Астық Транс» АҚ-ның үстем немесе монополиялық жағдайы, сондай-ақ үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталған жағдайда, Департамент монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдайтын болады.