ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Chimbulak Development» ЖШС-не қатысты монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерінің болуы туралы хабарлама шығарды.
ҚР БҚДА жүргізген тексеру нәтижесінде аталған компанияның «Медеу» биік таулы мұз айдыны жанындағы ақылы автотұрақ операторы ретінде көлік құралдарын қоюға, уақытқа қарамастан, сағатына 500 теңге мөлшерінде бірыңғай тариф белгілеп, сондай-ақ тұраққа қоюдың кепілдендірілген тегін кезеңін қарастырмағаны анықталды.
Бұл ретте ірі нысандар орналасқан аумақтардағы басқа автотұрақтардың жұмыс істеу шарттарын талдау қалада көлік тұрағының құнын автокөліктің тұрақта тұру уақытына қарай саралау және 15 минуттық тегін тұрақ уақытын белгілеу қалыптасқан екенін көрсетті. Мысалы, өз көлігімен Медеу және Шымбұлақ биік таулы курорттарына келетін азаматтар 12 сағаттық тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген. Сонымен қатар төмен түскен кезде көлігін күтіп отырған азаматтар үшін тегін күту кезеңінің және баламалы автотұрақтардың болмауы қолайсыздық туғызған.
«Chimbulak Development» ЖШС-нің әрекеттері азаматтардың қоғамдық пайдаланудағы және табиғи-мәдени құндылықтарға жататын нысандарға қол жеткізуіне жасанды кедергі келтірді.
Қазіргі уақытта компания хабарламаны орындау аясында анықталған бұзушылық белгілерін жойды. 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін 15 минуттық тегін тұрақ уақыты белгіленеді, сондай-ақ автокөлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын мөлшерде шектелді. Бұл жалпыға бірдей қабылданған қалалық стандарттарға сәйкес келеді.