АСТАНАДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ 60-ШЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТУДЕ

АСТАНАДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ 60-ШЫ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТУДЕ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 60-шы мерейтойлық отырысында елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелері мен бәсекелестік саясатын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Отырысты аша отырып, Агенттік Төрағасы Қазақстанның ашық әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

«Қазақстан жоспарлар кезеңінен нарықтарды ауқымды жаңғырту кезеңіне өтті. Біздің басты бағытымыз – экономиканың мемлекеттік секторын батыл қысқарту және ашық әрі бәсекелі ортаны қалыптастыру», – деді Марат Омаров.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Агенттік барлық негізгі тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізді. Бәсекелестікті дамытуға кедергі келтірген 14 жүйелі кедергі жойылып, оның экономикалық тиімділігі 1,3 трлн теңгені құрады. Биылғы жылдың басынан бері тағы 4 жүйелі кедергі жойылды. Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілер жобаларының 100 пайызы реттеушілік әсерді талдау рәсімімен қамтылып, Агенттік ұсынған ескертулердің мемлекеттік органдар тарапынан қабылдану деңгейі 66 пайызға жетті.

Құқық қолдану саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылы бәсекелестік заңнамасын бұзу фактілері бойынша 92 тергеп-тексеру аяқталса, биылғы жылдың басынан бері тағы 25 тергеп-тексеру аяқталды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 6,6 млрд теңгеге жетіп, олардың бюджетке өндіріп алыну деңгейі 100 пайызды құрады. Сонымен қатар, нарық субъектілерінің хабарламаларды ерікті түрде орындау көрсеткіші 80 пайыздан асты.

Баяндама барысында авиациялық отынмен қамтамасыз ету, телекоммуникациялар, энергетика, мұнай өңдеу және мемлекеттік сатып алу салаларында жүргізілген ең маңызды тергеп-тексерулердің нәтижелері, сондай-ақ бәсекелестік заңнамасын бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралар кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар, экономикадағы мемлекеттік секторды азайту бағытындағы реформалардың нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

«Соңғы кезеңдегі басты үрдіс – мемлекеттің экономикадағы рөлін кешенді түрде шектеу», – деді Агенттік Төрағасы.

Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында мемлекет қатысатын шамамен 16 мың ұйымға талдау жүргізілді. Кешенді бағалау нәтижесінде бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған 473 объектінің тізбесі қалыптастырылды. Экономикалық тиімділік 6,44 трлн теңге көлемінде бағалануда. Сонымен қатар мемлекеттік активтерді оңтайландыру, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу негіздерін қайта қарау және мемлекеттік секторды одан әрі қысқарту бойынша жаңа ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жалғасуда.

Реформалардың маңызды бағыттарының бірі – монополияға қарсы реттеуді цифрлық трансформациялау. Агенттік Antitrust ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізіп, тауар нарықтарына талдау жүргізу мен тергеп-тексеру процестерін цифрландыруды қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, AI-Internal Audit платформасы мен нормативтік құқықтық актілердегі бәсекелестікке кедергілерді автоматты түрде анықтайтын жүйе сияқты жасанды интеллект негізіндегі шешімдер белсенді енгізілуде.

«Қазіргі заманғы монополияға қарсы орган ескі құралдармен тиімді жұмыс істей алмайды. Бәсекелестікті қорғаудың болашағы – технологияларда», – деді Марат Омаров.

Агенттік Төрағасы қатысушыларды Бәсекелестік саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакетін әзірлеу барысы туралы да хабардар етті. Құжатта экономикалық шоғырлануды бақылауды жетілдіру, мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу тетіктерін күшейту, ұжымдық талап қою институтын енгізу, цифрлық платформалар мен экожүйелерді реттеуді дамыту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нарықтардағы бәсекелестікті қорғау құралдарын кеңейту көзделген.

Сөз соңында Агенттік Төрағасы жүргізіліп жатқан реформалардың цифрлық технологияларға, тиімді мемлекеттік реттеуге және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай қалыптастыруға негізделген заманауи бәсекелестік саясатын құруға бағытталғанын атап өтті.

«Жалпы алғанда, Қазақстан болашақтың реттеуші ортасын – ашық, цифрлық және ымырасыз жүйені қалыптастыруда», – деп түйіндеді Марат Омаров.