
2026 жылғы 28 маусымнан бастап Қазақстанда абоненттердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, телекоммуникация қызметтері нарығының ашықтығын арттыруға және байланыс операторларының жосықсыз тәжірибелерінің жолын кесуге бағытталған байланыс қызметтерін көрсету Қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Реттеушілік түзетулерді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің де жүйелі ұсыныстары негізінде әзірледі.
Агенттіктің ұсыныстарын әзірлеуге абоненттердің көптеген өтініштері мен шағымдарын талдау негіз болды. Жұмыс барысында тұтынушылардың негізді наразылығын тудырған кең таралған тәжірибелер, оның ішінде пайдаланушының рұқсатынсыз қосымша ақылы қызметтерді қосу, сондай-ақ қайталана беретін жарнамалық және ақпараттық таратылымдар анықталды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында Агенттік ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне реттеушілік ұсыныстар топтамасын жолдады. Оның елеулі бөлігі байланыс қызметтерін көрсету Қағидаларын жаңарту кезінде ескерілді.
Атап айтқанда, қосымша ақылы қызметтерді қосу кезінде міндетті түрде екі мәрте растау енгізіледі. Енді мұндай сервистерді қосу абоненттің USSD-сұрау немесе жеке кабинеті арқылы растауынан кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл ақылы қызметтердің кездейсоқ немесе жосықсыз жолмен қосылу жағдайларын алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, абоненттерге байланыс операторларынан келетін ақпараттық және жарнамалық хабарламаларды алудан бас тарту құқығы беріледі. Бұл жаңашылдық қажетсіз хабарламалардың көлемін азайтып, пайдаланушылардың көрсетілетін қызметтерді басқару мүмкіндігін арттырады.
Қабылданған өзгерістер байланыс операторлары қызметінің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және телекоммуникациялар нарығында неғұрлым әділ бәсекелестік жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі байланыс нарығындағы ахуалды мониторингтеуді, сондай-ақ тұтынушылардың мүдделеріне нұқсан келтіретін және адал бәсекелестіктің дамуын шектейтін тәжірибелердің жолын кесу жөніндегі жұмысты жалғастырады.