ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КЕҢСЕ 2026–2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ОҢТАЙЛАНДЫРУ ЖОСПАРЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫН БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДЕ

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КЕҢСЕ 2026–2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ОҢТАЙЛАНДЫРУ ЖОСПАРЫНЫҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫН БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДЕ

Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсе бәсекелестік ортаға берілетін жаңа нысандарды және 2026–2030 жылдарға арналған Оңтайландыру жоспарының орындалуын бақылауды күшейту шараларын қарады.

Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің 12-ші отырысы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) Төрағасының орынбасары – Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің атқарушы хатшысының төрағалығымен өтті. Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында жеке секторға беруге ұсынылатын кәсіпорындардың жаңа пулдарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар, мемлекеттік мүлікті оңтайландыру мәселелері, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу барысы талқыланды.

Негізгі баяндаманы БҚДА Экономикалық шоғырлануды және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаментінің директоры Жандос Ермағамбетов жасады. Қатысушыларға бұған дейін демонополияландыру және жекешелендіру процестерімен қамтылмаған салалардағы жаңа кәсіпорындарды Ұлттық кеңсенің қарауына енгізу жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.

Сондай-ақ мемлекет қатысу үлесі 50 пайыздан төмен активтерді, мемлекеттік функцияларды орындауға тартылмаған және коммерциялық жалға беру үшін пайдаланылатын мүлікті одан әрі оңтайландыру мәселелері қаралды. Осы бағыттар бойынша Ұлттық кеңсе мүшелеріне объектілердің түпкілікті тізбесін қалыптастыру үшін 10 күнтізбелік күн ішінде ресми ұстанымдарын ұсыну ұсынылды.

Қатысушылар 2025 жылғы 24 қазандағы №894 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2026–2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын мониторингтеуге ерекше назар аударды.

Талқылау қорытындысы бойынша Оңтайландыру жоспарының іске асырылуын бақылауды күшейтуді көздейтін хаттамалық шешім қабылданды. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бекітілген тізбеден объектілерді алып тастау туралы бастамашылық етпеу, сондай-ақ Жоспарда көзделген барлық іс-шаралардың белгіленген мерзімде уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету ұсынылды.