БҚДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР САЛАСЫНДА КАРТЕЛЬДІК СӨЗБАЙЛАСУДЫ АНЫҚТАДЫ

БҚДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР САЛАСЫНДА КАРТЕЛЬДІК СӨЗБАЙЛАСУДЫ АНЫҚТАДЫ

Жетісу облысы және Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері автомобиль жолдарын жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алулар саласында бірлескен тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеп-тексеру барысында картельдік сөзбайласу белгілері анықталды. Атап айтқанда, «РСУ-1» ЖШС мен «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС-нің конкурстарға қатысу кезінде келісілген әрекеттер жасап, баға ұсыныстарының қалыптасуына ықпал еткені белгілі болды.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабына сәйкес, сауда-саттық нәтижелерін бұрмалауға және бағаларды ұстап тұруға бағытталған нарық субъектілері арасындағы көлденең келісімдер картель деп танылады және заңнамамен тыйым салынады.

Компаниялар тергеп-тексеру қорытындыларын сотта даулаған. Бірінші сатыдағы сот монополияға қарсы органның қорытындысын заңсыз деп таныды. Алайда апелляциялық шағымды қарау қорытындысы бойынша бұл шешімнің күші жойылып, картельдік сөзбайласу фактісі расталды, ал монополияға қарсы органның әрекеттері заңды деп танылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Қазіргі уақытта материалдар Жетісу облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын бағалау үшін жолданды. Олар анықталмаған жағдайда, монополияға қарсы әрекет ету шаралары қабылданатын болады, оның ішінде нұсқама шығару, монополиялық табысты тәркілеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған.

 

 

Сурет ашық дереккөзінен алынды.