
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС әрекеттерінде жосықсыз бәсекелестік белгілерін анықтады.
Өтініштер негізінде жүргізілген тексеру барысында компания «Біз бәсекелестерге қарағанда 15%-ға көп мақұлдаймыз» деген мазмұнда жарнамалық SMS-хабарламалар таратқаны, алайда бұл ақпараттың шынайылығын растамағаны белгілі болды. Аталған жарнама ұялы байланыс абоненттерінің 24 мыңнан астамына жолданған.
Сондай-ақ тексеру барысында бәсекелес ұйым қызметкерлеріне клиенттерді «R-Finance» МҚҰ» ЖШС-на тартқаны үшін ақшалай сыйақы ұсыну фактілері анықталды, бұл бәсекелеске залал келтіруі мүмкін.
Тексеру нәтижелері бойынша Департамент компанияға жосықсыз бәсекелестік белгілері бар әрекеттерді тоқтату қажеттігі туралы хабарлама жолдады.
Қазіргі уақытта «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС хабарламаны орындады. Компания маркетингтік материалдарға ішкі аудит жүргізіп, жарнамалық қызметке қосымша бақылау тетігін енгізді.
Сурет ашық дереккөзінен алынды.