АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ КЕҢСЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ КЕҢСЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында квазимемлекеттік секторды қысқарту және бәсекелестікті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы №894 қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілді. Жоспар 473 объектіні қамтиды.

Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық офис алаңында аталған Жоспардың іске асырылуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылған. Жұмыс форматы мыналарды көздейді: орталық және жергілікті атқарушы органдарды тоқсан сайын тыңдау; объектілердің іске асырылу кезеңдерін талдау; туындаған проблемалық мәселелерді қарау; ырықтандырудың стратегиялық мақсаттарын қайта қарамай, түзетуші басқарушылық шешімдер қабылдау. Сондай-ақ бекітілген шешімдерді уақтылы іске асырмағаны үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары орынбасарларының дербес жауапкершілігі көзделген.

2026 жылы жекешелендірудің жол карталарын әзірлеу басталды. Олар мыналарды қамтиды: қызметті реттеудің шарттарын өзгерту; тариф қалыптастырудың ынталандырушы әдістемесін енгізу; айқаспалы субсидиялауды кезең-кезеңімен жою; тарифтік реттеуді орталықсыздандыру; нарықтарды мемлекеттік қатысусыз тұрақты жұмысқа дайындаудың өзге де шаралары. Сонымен қатар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың балансындағы мүлікті ықтимал жекешелендіру тұрғысынан талдау жүргізілуде.

Оңтайландыру жоспары бекітілгеннен кейін әкімдіктер тарапынан жекелеген объектілерді бекітілген тізбеден шығару туралы өтініштер жолдау тәжірибесі байқалуда. Жоспар тауар нарықтарын талдау және Бәсекелестік кодексінің 192-бабында және тиісті әдістемеде көзделген өлшемшарттарды қолдану негізінде қалыптастырылды. Ол мүдделі мемлекеттік органдардың шоғырландырылған ұстанымын көрсетеді.

Объектілерді бақылаусыз алып тастау жүйелік тәуекелдерге әкелуі мүмкін: бәсекелі нарықтарда мемлекеттің қатысуын сақтау; бәсекелестік ортаны бұрмалау; жеке инвесторлардың кіруін және шағын және орта бизнестің дамуын тежеу; бизнес пен инвесторлар тарапынан сенімнің төмендеуі.

Қазіргі уақытта 28 объектіге қатысты 5 өтініш келіп түсті (Батыс Қазақстан облысы — 2, Ұлытау облысы — 2, Қостанай облысы — 20, Астана — 1, Алматы — 3). Алып тастау ұсынылғандардың қатарында бәсекелі нарықтарда жұмыс істейтін стоматологиялық клиникалар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері бар. Бірқатар өңірлерде өңірлік сезімталдықты сылтауратып, депутаттық корпус арқылы объектілерді алып тастауды бастамалау әрекеттері байқалады.

Осыған байланысты Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық офис жекешелендіру барысына бақылауды күшейтуде. Жоспарлануда: мемлекеттік органдарды ай сайын тыңдау форматына көшу; мерзімдерді созу және шешімдерді іске асыруға қарсылық көрсету фактілерін тіркеу; басқарушылық шаралар қабылдау үшін ақпаратты Президент Әкімшілігіне жолдау.

Жекешелендіру тұрақты бәсекелі экономиканы қалыптастырудың және жеке бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейтудің негізгі құралы болып қала береді.