ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ ЖАТАТЫН 473 НЫСАННЫҢ ТІЗБЕСІ БЕКІТІЛДІ

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ ЖАТАТЫН 473 НЫСАННЫҢ ТІЗБЕСІ БЕКІТІЛДІ

Ұлттық жекешелендіру Кеңсесінің 10-шы отырысы өтті. Отырыста Кеңсе жұмысының қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған қызмет жоспары талқыланды.

Кеңсе жүргізген талдау нәтижелері бойынша жекешелендіруге жататын 473 субъектінің тізбесі қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілді.

Сонымен қатар цифрлық платформа – Кеңсенің ресми сайты (https://azrk.nop.kz/ru) іске қосылды. Онда мемлекеттік меншік объектілерінің ашық тізбесі жарияланған. Бұл платформа арқылы бизнес субъектілері өздерін қызықтырған активтерге өтінім беріп, жекешелендіру процесін «мемлекеттен бизнеске» емес, керісінше бизнес бастамасы арқылы бастап, жеделдете алады (жекешелендіруге тыйым салынған объектілерді қоспағанда).

2026 жылы Ұлттық жекешелендіру Кеңсесі экономика салаларындағы мемлекеттің қатысуы мен рөлін талдайды. Атап айтқанда, IT, ӘКК, геология, мұнайсервис, құрылыс салалары қаралады. Сондай-ақ мемлекет қатысу үлесі 50%-дан төмен кәсіпорындардың қызметіне талдау жүргізу жоспарланған. Барлығы 250-ден астам кәсіпорынның қызметі зерделенеді.

Алдағы екі жылда Ұлттық жекешелендіру Кеңсесінің жұмысында мемлекеттік органдармен бірлесіп жол карталарын әзірлеуге баса мән беріледі. Жол карталары әлеуметтік және стратегиялық объектілерді жекешелендірудің барлық аспектілерін қамтитын болады.

Ұлттық жекешелендіру офисі 2024 жылғы 28 мамырда Президенттің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығы аясында құрылды. Офис құрамына негізгі ведомстволардың бірінші басшылары, министрлер мен әкімдердің орынбасарлары деңгейіндегі басшылар, Парламент депутаттары, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сарапшылар қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП өкілдері кіреді.