«ЖЕЗҚАЗҒАН-ЭЙР» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ТЕРГЕУ МАТЕРИАЛДАРЫ ҚМА-ҒА ЖОЛДАНАДЫ

«ЖЕЗҚАЗҒАН-ЭЙР» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ТЕРГЕУ МАТЕРИАЛДАРЫ ҚМА-ҒА ЖОЛДАНАДЫ

Кассациялық сот «Жезқазған-Эйр» акционерлік қоғамына қатысты жүргізілген тергеу қорытындысы мен хабарламаларының заңдылығын растады.

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 2024 жылы «Жезқазған-Эйр» акционерлік қоғамына қатысты антимонополиялық тергеу жүргізген болатын.

Тергеу қорытындысы бойынша, компанияның әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестік туралы заңнамасын бұзу белгілері анықталған.

Компания Департамент қорытындыларымен келіспей, Ұлытау облысының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына жүгінді.

2024 жылғы 25 қарашадағы сот шешімімен компанияның әкімшілік талабы қанағаттандырылып, тергеп-тексеру қорытындысы мен заң бұзушылық белгілері туралы хабарлама күшін жойған болатын.

Бұл шешіммен келіспеген Департамент апелляциялық шағым түсірді.

2025 жылғы 20 наурызда Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін жойып, жаңа шешім қабылдады — «Жезқазған-Эйр» АҚ талап-арызы толығымен қанағаттандырусыз қалдырылды.

Осылайша, Департаменттің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды.

«Жезқазған-Эйр» АҚ кассациялық шағым түсіргенімен, 2025 жылғы 23 қазандағы кассациялық сот қаулысымен ол қанағаттандырусыз қалдырылды.

2025 жылғы 20 наурыздағы Ұлытау облыстық сотының шешімі заңды күшінде қалды.

Департамент қорытындысына сәйкес, «Жезқазған-Эйр» АҚ монополиялық қызмет нәтижесінде 2022 жылғы қараша мен 2023 жылғы мамыр аралығында авиаотынды сатудан 276 768 379 теңге табыс алған.

Оның ішінде монополиялық табыс көлемі – 22 919 186 теңге, ал айналымның 3%-ы – 8 303 051 теңгені құрады.

Алынған табыс 20 000 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткендіктен және Акционерлік қоғам лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде қылмыстық сипаттағы құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін болғандықтан, тергеу материалдары бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігінің Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданған еді.

Алайда сот процесіне байланысты материалдарды қарау уақытша тоқтатылған болатын.

Енді кассациялық сот қаулысының заңды күшіне енуіне байланысты, барлық сот шешімдері, оның ішінде соңғы қаулы, Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне одан әрі қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданады.

 

 

Сурет ашық дереккөздерден алынды.