
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Еуразия Банкі» АҚ қызметінен адал емес бәсекелестік белгілерін анықтады.
Тексеру жүргізуге себеп — автокөлік сатып алу мақсатында банктік қарыз шартына қол қою кезінде Банк аффилиирленген сақтандыру ұйымы – «СК Еуразия» АҚ-мен КАСКО шартына отыруды ұсынғаны туралы Агенттікке келіп түскен шағымдар болды.
БҚДА сұратқан материалдарды талдау нәтижесінде 2024 жылы Банк ұсынған автонесиелердің 98%-дан астамы дәл «СК Еуразия» АҚ арқылы сақтандыру шартымен берілгені анықталды.
Агенттік жүргізген талдау нәтижесінде нарықта анағұрлым тиімді шарттармен қызмет көрсететін өзге сақтандыру компанияларының бар екені белгілі болды. Өз кезегінде, сақтандыру ұйымдары банктердің нақты бір сақтандыру компаниясының қызметін мәжбүрлі түрде ұсынуы олардың қаржылық қызметіне залал келтіріп, бәсекелестікті шектеуі мүмкін екенін растады.
Қолданыстағы заңнамада қарыз алушыларды сақтандыру ұйымын таңдауда шектеуге тыйым салынады.
Тексеру нәтижесінде Банк бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерінің барын өз еркімен мойындап, оларды жою бойынша шаралар қабылдады.
БҚДА осындай заңбұзушылықтардың жолын кесу және анықтау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.