Астанада өтіп жатқан XI Еуразиялық бәсекелестік форумы барысында бәсекелестікті дамыту саласындағы негізгі сын-қатерлер мен трендтер талқыланды.
Қатысушылардың айтуынша, басты сын-қатерлердің бірі – цифрлық әлем жағдайында әділ бәсекелестікті дамыту мәселесі. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров осы бағыттағы қазақстандық тәжірибемен бөлісті.
Форумға қатысушылар Қазақстанда цифрландыруды дамыту, жасанды интеллектті енгізу және IT-секторды қолдау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға назар аударды. Агенттік басшысы цифрлық көмекшілердің заманауи әлемде қажетті әрі тиімді құрал екенін айта отырып, корпоративтік басқару стандарттарының маңыздылығы әлі де жоғары екенін атап өтті.
Цифрландыру жағдайындағы бәсекелестікті дамытудың негізгі сын-қатерлерінің бірі – деректерге қолжетімді ету. Марат Омаровтың айтуынша, деректер бүгінде «жаңа мұнайға» айналды. Сондықтан ақпарат пен деректерге қолжетімді ету бәсекелі негізде жүзеге асырылуы тиіс, жеке компанияның нарықтағы монополиясына жол берілмеуі керек.
Форум қатысушылары Қазақстанда енгізілген ірі нарық субъектілерімен бәсекелестік сәйкестік (монополияға қарсы комплаенс) жасау тәжірибесіне қызығушылық танытты. Еуразиялық кеңістіктегі антимонополиялық ведомстволардың өкілдері қазақстандық әріптестердің «Яндекс.Такси» компаниясымен жасалған комплаенс тәжірибесін ерекше атап өтті.
Марат Омаров бұл бағыттағы Агенттіктің жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, бұл жұмыстың негізінде нарық субъектілерімен ашық диалог жатқанын атап өтті.
Еуразиялық бәсекелестік форумы — бәсекелестікті қорғау және антимонополиялық реттеу саласындағы ұлттық және трансшекаралық нарықтарда мемлекеттік органдар, сарапшылар мен бизнес өкілдері арасында тәжірибе алмасуға арналған жоғары деңгейдегі кәсіби алаң.