Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеп-тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болды.
Тергеп-тексеру нәтижесінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды.
Аталған әрекеттер «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.