
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізілген тергеп-тексеру аясында «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан бәсекелестік туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады.
Нақты айтсақ, корпорация мен «Казсбытгрупп» ЖШС арасында Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтарға (корпорация басқаруындағы) электр энергиясын жеткізу жөнінде шарт жасалған. Шарт талаптарына сәйкес, аталған келісім бойынша Серіктестіктің жалпы кірісінің 50%-дан астамы Корпорация пайдасына аударылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 4) және 10) тармақшаларына сәйкес, нарықта үстем немесе монополиялық жағдайды иеленген субъектілерге тауар нарығына қолжетімділікті шектеуге, бәсекелестікті азайтуға немесе жоюға, сондай-ақ нарық қатысушыларының құқықтарын бұзуға әкелетін іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 14 660 886 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Сурет ашық дереккөздерінен алынды.