Авиакеросиннің көтерме және бөлшек сауда нарықтарына жүргізілген талдау халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушылары үшін отын құнының негізсіз өсуін көрсетті.
Авиакеросин өткізу нарығында отандық әуе компаниялары авиакеросинді жер қойнауын пайдаланушылардан мемлекеттік жеткізу кестелері бойынша тікелей алады, ал шетелдік әуе тасымалдаушылар – көтерме және бөлшек жеткізушілер тізбегі арқылы.
Мұнай өнімдері (бензин, дизель отыны, авиакеросин) нарығында баға белгілеудегі артық «буындарды» азайту мақсатында, яғни мұнай жеткізушілері (жер қойнауын пайдаланушылар) тарапынан шектеулі ресурстардың аффилиирленген делдалдарға өткізілуінен туындайтын жағдайды жол бермес үшін монополияға қарсы орган мұнай өнімдерін бөлудің процестерін цифрландыруға және ретке келтіруге бағытталған «Негізгі қуат» қағидаларын қабылдады.
Авиакеросин нарығында баға белгілеуге әсер ететін бәсекелестікті шектеудің басқа тәжірибесі қалыптасты. Ол – авиакеросин жеткізушілерін әуежайлардың сақтау және өткізу инфрақұрылымына жіберуден бас тарту әдісі.
Әуежайлар немесе онымен аффилиирленген ұйымдар халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушыларына авиакеросинді бөлшек саудада сатқан жағдайда, оның құны 60%-ға дейін өседі. Қазақстан әуежайларындағы авиакеросин бағасы көршілес елдердегіден 5–30% жоғары, бұл соңғы бес жылда жүк әуе тасымалдарының 36%-ға, халықаралық қатынастардың 58%-ға төмендеуіне әкеліп соқты.
Әуежайлардың авиакеросин өткізумен айналысуы 2017 жылы табиғи монополия субъектілерінің өзге, реттелмейтін қызмет түрлерімен айналысуға қойылған шектеулерді алып тастағаннан кейін және әуежай қызметтері тарифтерінің ұсталып тұруына байланысты басталды. Нәтижесінде әуежайлардың қызметін қаржыландырудың 80%-ға жуығы авиакеросин сатудан түскен кірістер есебінен қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, әуежайлардың негізгі қызметінен алынатын кірістер заңнамаға сәйкес табиғи монополия ретінде реттелсе, авиакеросинді жоғары бағамен сатудан алынған кірістерді пайдалану мемлекет тарапынан бақыланбайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында Агенттік әуежай аумағындағы авиакеросинді сақтау қызметтеріне қол жеткізу бойынша «Негізгі қуат» қағидаларын әзірледі. Олар авиакомпаниялармен келісімдері бар барлық жеткізушілердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және әуежайлардың шарт жасасудан бас тартуына жол бермейді.
Бірқатар әуежайларда инвестициялық жобаларды аяқтау үшін, инвестициялық жобалар аяқталғанға дейін авиакеросин өткізу қызметін жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі шаралар бастау алуда, оған әуежайлардың кейбір қызметтері тарифтерін ішінара реттеу және ұлғайту арқылы олардың шығынсыз жұмысын қамтамасыз ету, импорттық авиакеросинді әкелуге қойылған шектеулерді алып тастау және өзге де шаралар кіреді.
Сонымен қатар Агенттік авиакеросинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастады: «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ, «Сары-Арқа әуежайы» АҚ, «Шымкент әуежайы» АҚ, «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ, «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ, «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, «Орал халықаралық әуежайы» АҚ, «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС, «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ. Сонымен қатар авиакеросинді қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерге қатысты да тексерулер жүргізілуде.
Бүгінгі күні Агенттік 2023 жылы мұнайды қайта өңдеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілеу және ұстап тұру түріндегі үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Оның материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.