БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТТЕРІ НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕНІҢ ДАМУЫ

БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТТЕРІ НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕНІҢ ДАМУЫ

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізіп жатқан жұмыс аясында байланыс қызметтері нарығында бар бірқатар кедергілер анықталып, оларды жою осы секторда әділ бәсекенің дамуына ықпал етті.

Осылайша, жоспарлы бәсекелестік талдауы барысында көпқабатты тұрғын үйлерде үйдегі интернет қызметтерін көрсету кезінде өзге байланыс операторларының кіруін қиындататын кедергі анықталды.

Азаматтардың сапалы байланыс қызметтеріне қол жеткізуі ажырамас қажеттілік болғандықтан, көпқабатты тұрғын үйлерде (интернет қызметтерін ұсыну үшін) сымды байланыс желілерін бәсекелі жағдайда орналастыру ерекше маңызға ие. Алайда қолданыстағы заңнамалық шектеулер кей жағдайда тұрғын үйлерге өзге операторлардың қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермеді.

Сонымен қатар, операторлардың кабельді кәріз желілеріне қосылуға техникалық шарттар туралы ақпарат алуын қиындататын кедергі де анықталды. Жергілікті монополия субъектісі кабельді-кәріздік желілерге қосылуға рұқсат алу үшін сұрау салынған жағдайда техникалық шарттарды ақылы негізде береді. Алайда табиғи монополиялар туралы заңнамада мұндай төлем алу қарастырылмаған.

БҚДА-ның ұсыныстары негізінде радиожиілік спектрін (РЖС) бөлу бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін үміткерден кемінде 6 облысты қамтитын кең ауқымды телекоммуникациялық және (немесе) ұялы байланыс магистралдық желісінің болуын міндеттейтін талаптар нормативтік актілерден алынып тасталды.

«Байланыс туралы» қолданыстағы заңға виртуалды операторлардың қызметін құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының қуаттарын жалға алуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл байланыс нарығындағы бәсекенің дамуына серпін береді.

Талдау аясында байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне баға динамикасы да зерттелді. «Қазақтелеком» АҚ әрекеттерінде қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы оператордың интернетке қол жеткізу тарифтерінде жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жетті.

Осыған байланысты қазіргі таңда Агенттік аталған операторға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеп-тексеру жүргізуде.

Бұдан бөлек, БҚДА ұялы байланыс қызметтерінің баға динамикасына талдау жүргізді. Оның барысында да монополиялық жоғары баға қою белгілері анықталды. Қазіргі уақытта ұялы байланыс операторына қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеп-тексеру тағайындау мәселесі қаралуда.