Атырау облысы бойынша монополияға қарсы орган жүргізген мониторинг нәтижесінде 12 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның қызметінде бұзушылықтар анықталды. Олар заңнама талап еткендей монополияға қарсы органның келісімін алмай-ақ мәдениет және білім беру салаларында қосымша ақылы қызметтер көрсеткен.
Аталған салалардағы негізгі мәселе – мемлекеттік мекемелердің қосымша ақылы қызмет көрсетуі арқылы адал бәсекелестік қағидаларын бұзуы. Бұл жеке кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін шектеп, олардың дамуына кедергі келтіреді.
Мемлекеттік ұйымдардың бәсекелестік орта мен тауар нарығына мұндай араласуы бизнестің мүддесін шектеп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға да кері әсерін тигізеді. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу экономикалық қана емес, әлеуметтік салдарға да алып келеді.
Айта кетейік, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне жүргізілетін мониторинг олардың монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін құру, кеңейту немесе өзгерту, сондай-ақ келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілерін анықтау мақсатында жүргізіледі.