ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ БИРЖАЛЫҚ САУДА ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ БИРЖАЛЫҚ САУДА ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Қарағанды облысының Прокуратурасынан келіп түскен ақпаратты қарау нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті (әрі қарай – Департамент) тауар биржалары саласындағы заңнаманың бұзылуын тоқтату мақсатында тиісті шаралар қабылдады.

Сауда-саттықтың ашықтығын, нарық субъектілерінің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету және бағаға манипуляция жасауға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 142 бұйрығымен тауар биржасы арқылы міндетті түрде сатылуға жататын биржалық тауарлар тізбесі бекітілген. Аталған тізімге 60 тоннадан асатын көлемдегі жаңа және салқындатылған картоп та енгізілген. Мұндай көлемдегі өнім тек биржалық сауда арқылы сатылуы тиіс.

Алайда, 2022–2024 жылдар аралығында өңірдің 12 кәсіпкері заңнама талаптарын бұза отырып, белгіленген мөлшерден асатын көлемде картоп сатқан.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде:

12 кәсіпкерге қатысты 69 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды;

9 кәсіпкердің өз кінәсін мойындап, айыппұл төлеуге келісім беруіне байланысты 47 әкімшілік хаттама қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралды. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 7 301 150 теңге өндірілді;

3 кәсіпкерге қатысты 22 әкімшілік материал сотқа жолданды. Бұл тұлғалар өздеріне қатысты істерді сотта қарауды сұрап, тиісті өтініштер берген.

Департамент биржалық тауарларды заңнама талаптарын айналып өтіп өткізу әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салады. Бұл жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.

 

 

Сурет: Global Look Press