Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС-нің қызметіне қатысты тұтынушылардың өтініштерін қарастырды. Оның нәтижесінде аталған серіктестіктің әрекеттерінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАКАД) жеңілдік абонементтерін рәсімдеу барысында жосықсыз бәсекелестік белгілері анықталды.
Атап айтқанда, жеке тұлғаларға жеңілдік абонементін рәсімдеу кезінде Серіктестік қосымша құжаттарды, соның ішінде көлік құралының тіркелген жері көрсетілген анықтаманы талап еткен. Мұндай талаптар қосымша кедергілер туғызып, жеңілдік абонементін рәсімдеу құқығын жүзеге асыруға тосқауыл болған. Бұл өз кезегінде қызмет алуға кері әсер етіп, бәсекелестікті шектеу белгілерін тудыруы мүмкін еді.
Аталмыш бәсекелестік заңнамасындағы бұзушылықтар негізінде, Департамент тарапынан Серіктестікке жеңілдік абонементін рәсімдеу кезінде заңнамада қарастырылмаған қосымша құжаттарды талап етуді тоқтату туралы хабарлама жолданды. Қазіргі таңда Серіктестік аталған хабарламаны толық көлемде орындады.