2025 жылдың 26 мамырында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты БҚДА-ның Астана қаласы бойынша Департаменті жүргізген «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға қатысты монополияға қарсы тергеп-тексеру нәтижелерінің заңдылығы мен негізділігін растады.
Тергеп-тексеру нарық субъектілерінің қызметін реттеу өкілеттіктері бар «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан бәсекеге қарсы әрекеттер белгілерінің анықталуына байланысты басталды. Тексеру барысында 2023 жылғы 19 мамырда Мұғалжар және Бершоғыр станцияларында «Қазтеміртранс» АҚ-ына тиесілі вагондардан басқа, жеке меншіктегі және жалға алынған бос жартылай вагондарды тасымалдауға қабылдауға уақытша тыйым салынғаны анықталды. «Қазтеміртранс» АҚ – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы. Аталған тыйым 2023 жылғы 20–31 мамыр аралығында күшінде болып, кейін 2023 жылғы 20 маусымға дейін ұзартылған.
Тергеп-тексеру нәтижесінде аталған тыйымның негізсіз енгізілгені анықталды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның әрекеттері іс жүзінде бір тасымалдаушы — «Қазтеміртранс» АҚ-ға артықшылық беріп, нарықтағы басқа қатысушылардың инфрақұрылымға қол жеткізуін шектей отырып, кемсітушілік жағдай туғызған. Бұл адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келеді.
Жоғарғы Соттың шешімі монополияға қарсы органның қорытындыларының заңдылығын растады.