Жетісу облысында қысқы маусымда жол желісін күтіп ұстауға 543 техника мен 28 мың тоннадан астам мұздан тазартатын материал дайындалуда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдарда және өңірдің елді мекендерінің ішкі жолдарында қысқы күтіп ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізу үшін 66 мердігер ұйым жұмылдырылады.
«Облыстағы жол жөндеу жұмыстары мамандандырылған мердігерлерге тапсырылды. Қазіргі уақытта жолдар қысқы мезгілге дайындалуда. Биылғы маусымда қар тазалауға 543 мамандандырылған техника жұмылдырылады деп жоспарлануда. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 83, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 150, елді мекендер ішінде 310 бірлік техника жұмыс істейді. 28 мың 700 тоннаны құрайтын мұздан тазартатын материалдардың қажетті көлемі бар. 310 тонна жанар-жағармай сатып алынып, қоймаларға жеткізілуде. Сонымен бірге қауіпті және таулы аймақтардағы жол жиектеріне тайғаққа қарсы материалдар да жеткілікті, – делінген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген ақпаратта. Ағымдағы жылдың 15 қарашасына дейін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға уақытша жол белгілері орнатылады.
Айта кету керек, Жетісу өңіріндегі жолдардың жалпы ұзындығы 4 мың 19 шақырымды құрайды. Оның 1 мың 34 шақырымы республикалық маңызы бар, 2 мың 762,8 шақырымы облыстық, 222,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков және фотосуреттер
облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды