ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰРУ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰРУ

I. Жалпы мәліметтер

Биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

2022 жылғы 6 маусымда өткен референдумның нәтижелері бойынша Қазақстан халқына арнаған үндеуі кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп атап өтті:

«Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек».

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 16 маусымда Ұлытауда өтеді.

Жаңа «Ұлттық құрылтай» институтын құру ел халқымен тікелей диалог идеясының заңды дамуы болып табылады. Ұлттық құрылтай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің баламасы болып табылмайтынын атап өту маңызды, өйткені ҰҚСК-нің негізгі функциясы қоғамдағы проблемаларды шешу жөніндегі тетіктерді талқылау және әзірлеу болған еді.

Жаңартылған Конституция азаматтардың мүлдем жаңа саяси ойлау жүйесі мен сана-сезімінің қалыптасуын талап ететінін түсіну маңызды.

Ұлттық құрылтайдың басты міндеті – Екінші Республиканың құрылу қисынына сай қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың маңызды міндеттерінің бірі қоғамдық топтасуды одан әрі дамыту бойынша идеялар мен қадамдар әзірлеу болады.

Ұлттық құрылтай азаматтар 5 маусымда жалпыұлттық референдумда қолдаған жаңа қоғамдық келісімді жаңартуға және дұрыс қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Ұлттық құрылтай институтының бірегейлігі қоғаммен тікелей диалогты қолдауында және дамытуында, бұл өз кезегінде Президентке еліміздің әрбір өңірінің өсіп-өркендеу бағытын бағамдап отыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық құрылтай құрамына Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, азаматтық қоғам мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер мен көрнекті сарапшылар, сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері және т. б. кіретін жаңа кең ауқымды құрамды қамтиды.