Дүбірлі тойдан тәбәрік

Дүбірлі тойдан тәбәрік

Дүбірлі тойдан тәбәрік

Қазақтың үш арысының бірі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы Жетісу жерінде салтанатты түрде өтті. Қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, зиялылар, әдебиетсүйер қалың қауым жиналған дүбірлі той ақынның туған жері Ақсудан басталып, Жетісудың төрі Талдықорғанда жалғасын тапты.

Әдебиеттің барлық жанрында інжудей жарқырап ізі қалған, сөз сүлейі, ғажайып суреткер Ілиястың шығармалары қазақ халқының өрелі руханияты-ның арналы бір бұлағы іспетті. Ол бізді және біздің ұрпақтарымыздың ұлттық өзектен адаспауына, рухани күш-жігер алып, болашаққа қазақ болып жетуіне жөн сілтейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен өзектесе өріліп жатқан өресі биік ақын тойынан ой түю, жан азығын алу бәрінен маңызды. Ақынның туған жері Ақсу ауданының орталық алаңына қойылған ұлы тұлғаның еңселі ескерткішінің ашылу салтанатында өңір басшысы Амандық Баталов осылай деп ізгі тілегін жеткізді.

Танымал мүсінші Қазбек Дулатов ақ мәрмәрден ойып жасаған Ілиястың алып тұлғасы ақынды қайта өмірге әкелгендей! Еліміздің түкпір-түкпірінен жинал-ған қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдерінің ақтарылған ізгі тілектері, арнаулары ақын аруағын бір аунатты. Асылдың уақыт өткен сайын жар-қырап, бағасы арта беретіні секілді құлагер ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған кітаптардың тұсаукесері көпшілікті өзіне баурады. Стадионда өткен Құдаш Мұқашевтың «Дала аңызы» дастаны негізінде өрілген музыкалық драмалық қойылымды тамашалаған қалың қауым бірде, Ілиястың ауыр тағдырын елестетіп, кеңсірік ашытқан өксікпен көздерінен жас парлатса, бірде, жымы, қақпайы көп тағдырының күнгейін әде-биетпен, қазақтың сөз өнерімен әрлеген ақындық шабытынан қанаттанып, еңселеніп, арқаланып отырды.

Бірнеше күнге созылған дүбірлі той Талдықорған төрінде, Б.Римова атындағы жаңа театр сарайында жалғасты. Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулеттің құттықтауымен ашылған ақын шығармашылығына арналған ғылыми конференцияда мүйізі қарағайдай белгілі ақын, жазушылар, жас қаламгерлер Ілияс еңбектері жайында зерттеулерін, өрелі ой, сындарлы көзқарастарын талқыға салып, қазақы болмысқа бет бұру, ұлттық құндылықтарды қайта түлету тұрғысында ұрпаққа үлгі, бағыт-бағдар боларлық ақынның жолын айқындай түсті.

Талдықорғандағы атшабар алаңының арқасын жан-жақтан келген сәйгүліктердің тұяғы дүбірлетті. Ілияс толғаған Ақанның Құлагері қатарынан оқ бойы оза шапқан жүйріктігі үшін ғана сұм заманның озықты көре алмайтын күншілдігінің құрбаны болып еді. Ал, бүгінгі берекелі бейбіт өмірімізде шын жүйріктер өз бағасын алып, ізгілік пен адалдық төрден көрінуде. Торқалы тойда осы құндылық әдемі әспеттелді.

Той кәдесіз болған ба?! Руханият өрінде елге жан азығын сыйлаған игі жақсылардың  қатары мерейтойлық медальдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Солардың қатарында Ілиястың өлеңдеріне жазылған әдемі әндері, романстары, хорға арналған шығармалары, зерттеу мақалалары, естеліктері топтастырылған «Толқиды Ақсу» кітабының авторы, Текелі қаласының Құрметті азаматы, белгілі композитор Мэлс Керейбев І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың арнайы медалін және грамотасын иеленіп мерейі өсті. 

Ас беріліп, ақынның ел-жұрты құран бағыштады. Ақсақалды аталарымыз ақ батасын беріп, көмескі тартқан рухани жұлдыздарымызды қайта жарқы-ратқан Тәуелсіздігіміздің баянды, ұрпақтарымыздың білімді, елжанды болуын тіледі.