Жеке зейнетақы шотыңызды интернет арқылы бақылап отырыңыз

Жеке зейнетақы шотыңызды интернет арқылы бақылап отырыңыз

Жеке зейнетақы шотыңызды интернет арқылы бақылап отырыңыз 

               

            «БЖЗҚ» АҚ салымшыларды (алушыларды) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйі туралы хабардар ету жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты БЖЗҚ кеңселеріне тікелей келіп, сондай-ақ, дәстүрлі пошта арқылы үзінді көшірме алуға және электрондық тәсілдерді пайдалана отырып білуге болады.

Қазіргі кезде ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпарат алудың ең танымал тәсілі – интернет байланысы. Оны 6,6 млн-нан астам ЖЗШ иелері таңдады (барлық ЖЗШ-лардың жалпы санының 54,2%). Бұл ретте салымшылар мен алушылар 5 762 454 шоттың жай-күйі туралы enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ENPF ұялы қосымшасы арқылы қалаған уақытында, әлемнің кез келген түкпірінен біле алады. Осындай хабарлау тәсілін таңдағандар саны бір жылда 225 125 адамға (4%) артты.

БЖЗҚ-ға берілген электрондық пошта мекенжайына жіберілетін үзінді көшірмені 853 954 адам алады. Ол шот иесіне өзі таңдаған кесте бойынша ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын келіп тұрады.   

Үзінді көшірмені дәстүрлі пошта арқылы алу тәсілін әлі күнге дейін 1 297 726 адам қолданады. Алайда пошта байланысын ақпарат алу тәсілі ретінде 2 939 233 салымшы мен алушы таңдаған 5 жыл бұрынғы, яғни 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда ол 44 % азайған. Ақпарат алудың бұл түріне деген қажеттіліктің едәуір төмендегінін осыдан-ақ көруге болады.  

«БЖЗҚ» АҚ егер салымшы (немесе алушы) ЖЗШ-дан үзінді-көшірмені жылына бір рет дәстүрлі пошта арқылы алуды қалап, бірақ тұрғылықты мекенжайын өзгерткен болса, онда ол жайында Қорға хабарлауы тиіс екенін мәлімдейді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңында әлгіндей талапты мекенжайы өзгергеннен кейін 10 күн ішінде орындауы қажет деп көрсетілген. Бұлай болмаған жағдайда пошта операторы зейнетақы шотынан үзінді көшірмені адресатқа жеткізе алмай, ол Қорға қайтып оралады. Сондықтан БЖЗҚ келесі жылдан бастап хабарлау мәртебесі «анықталмаған» деп белгіленетін  салымшыға(алушыға) үзінді көшірмені жібермейді. Қараша айының басында мұндай салымшылардың саны зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шоттардың жалпы санының 1 млн-нан астамын немесе 8,8%  құрады.

Қор кеңселеріне «өзі келген кезде» ақпарат беру тәсілі 3 029 417 адамда айқындалған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1 938 547 өтінішті құрады. Өсім – 56,3%. Алайда бұл статистиканы көбінесе жаңадан ашылған шот иелерінің толықтырғанын ескерген жөн. Осыған байланысты БЖЗҚ зейнетақы жүйесіне жаңадан келгендерге 2019 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналары бойынша ЖЗШ ашу үшін шарт жасаудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Бірінші жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады. Жеке тұлғаны сәйкестендіру міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Мұндай шотты ашу кезінде хабарлау тәсілі автоматты түрде «Өз келіп, өтініш білдірген» болып айқындалады. Яғни, ЖЗШ-сы жақында ашылған барлық салымшыларға БЖЗҚ кеңсесіне жеке басын куәландыратын құжатпен келіп, қажетті хабарлау тәсілін таңдау ұсынылады. Сондай-ақ, мұны электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда enpf.kz сайты арқылы қашықтықтан жасауға болады.

           БЖЗҚ  жеке зейнетақы шотын кез-келген ыңғайлы тәсілмен үнемі қадағалап отыру қажеттілігін ескертеді. Ол шотыңыздың үнемі толығып отыратынына көзіңізді жеткізіп, болашақ зейнетақыңызды жоспарлауда сенімді болуға мүмкіндік береді.  

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).