Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында және Жетісу облысында туризмді дамыту мақсатында үш экопарк құру жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі – Талдықорған қаласындағы «Тасбақа» экопаркі өткен демалыс күндері ресми түрде ашылды. Атап айтқанда, бірінші кезеңінің аясында экопарк аумағында табиғи ландшафтын өзгертпей абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Еске салсақ, бұған дейін Сарқан ауданындағы «Қойтас» саябағына экопарк мәртебесі берілген болатын. Сондай-ақ Текелі қаласында «Серкесай» экопаркін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Экопарктің ашылу салтанатына экобелсенділер, туристік клубтар мен секциялардың тәрбиеленушілері, спортшылар, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. Жергілікті велоқоғамдастық өкілдері айтулы оқиғаға орай арнайы веломарафон ұйымдастырды.
Шараға қатысушыларды өңір басшысының атынан қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтап, бұл аумақтың табиғи ерекшелігіне тоқталды. Сондай-ақ табиғи ортаны сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етудің маңыздылығын атап өтті.
Сол сияқты «Алтын Адам» креативті орталығы» ҚБ төрайымы Динара Бакирова дәуірлер мен дәстүрлердің ажырамас байланысын паш ететін бұл тарихи-мәдени-экологиялық жоба, яғни экопарктің бүгінгі келбеті жергілікті атқарушы органдар мен экобелсенділердің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін тілге тиек етті.
Ресми бөлімнен кейін әртүрлі локацияларда бір мезетте ойын-сауық және танымдық іс-шаралар өткізілді. Бағдарлама аясында ерекше қажеттілігі бар балалардың этнодефилесі, «Қызылтас» шатқалындағы ежелгі петроглифтерге экскурсия, балаларға арналған түрлі ойын-квесттер, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық ойындар, мерекелік концерт, сондай-ақ жаппай экологиялық акция өтті. Осылайша, айтулы шараға әр жастағы бірнеше мың адам жиналды.
– Табиғи сұлулығымен ерекше бұл орынның тарихы да бай. Мұнда ата-бабаларымыздан қалған петроглифтер – ежелгі жартас суреттері бар. Сондықтан енді бұл бірегей мекенді көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік беретін экопарктің құрылып жатқанына қуаныштымыз. Балаларымызды осында алып келіп, тарихымызбен жақынырақ таныстырамыз. Спортшы ретінде бұл жер өзімді де қатты қызықтырады, мұнда велосипедпен жарыстар өткізуге болады. Экопарктің ашылуына қуана қатыстық, - деді веломарафонға қатысушылардың бірі.
- Бұл жерге алғаш рет келіп отырмын. Мұнда осындай әдемі әрі ерекше орын бар екенін білмеппін. Мұнда отбасымызбен, әріптестерімізбен бірге келдік. Қала маңындағы осындай бірегей жердің көріктендіріліп жатқаны қуантады. Енді мұнда қоқыс тастамай, вандализмге жол бермей, болашаққа сақтап жеткізуіміз керек, - деді талдықорғандық жас.
- Өрмелеп, биікке шыққан әрине өте қызықты, әсері ерекше. Енді достарыммен бірге осында жиі келіп, биікте отырып, ойға шомып, айналадағы әсем көріністі тамашалайтын боламын. Петроглифтер де қызықтырады. Оларды жақынырақ көріп, қашан және қалай пайда болғанын білгім келеді. Өйткені есейе келе өз тарихыңды білудің маңызды екенін сезіне бастайсың, – деді мектеп оқушыларының бірі.
Еске салсақ, «Тасбақа» экопаркі Талдықорған қаласының маңындағы «Қызылтас» саяжай алқабының аумағында орналасқан. Мұнда осы аттас археологиялық кешеннің аумағында 600-ге жуық археологиялық ескерткіш бар. Бұл жердегі тағы бір көрікті нысан – сыртқы пішіні алып тасбақаға ұқсайтын көп тонналық тас кесегі. Қазіргі кезде саябақ аумағында кіреберіс, 4 беседка, 2 бақылау алаңы, фотозона, 20 орындық пен қоқыс жәшігі, 3 контейнерге арналған қоқыс алаңы және 10 жарықтандыру бағанасы орнатылды.
Атап өтсек, тағы екі экопарк Текелі және Сарқан қалаларында орналасқан, тиісінше «Серкесай» және «Қойтас» экопарктері. Осылайша, үш экопарк өңірде экологиялық және мәдени-танымдық туризмді дамытуға жаңа серпін бермек. Облыс орталығынан небәрі 3 шақырым жерде орналасқан «Тасбақа» экопаркі қала тұрғындары мен қонақтарының қысқа мерзімді демалысына, сондай-ақ табиғат аясында белсенді демалыс өткізуіне қолайлы болса, көркем табиғи ландшафттарымен ерекшеленетін «Серкесай» экопаркі спорттық демалысқа көбірек бағытталған. Ал «Қойтас» экопаркінде жайлы демалыспен қатар бос уақытты мазмұнды өткізуге де мүмкіндік қарастырылған. Мұнда балаларға арналған ойын және спорт алаңдары бар. Сонымен қатар аумаққа ағаштар отырғызылып, «Жоңғар-Алатау» ұлттық табиғи паркінің флорасы мен фаунасының ерекшеліктерін паш ететін жануарлар мүсіндері орнатылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов