Әскери борышын өтеген жетісулық азамат жоғары білім грантының сертификатына ие болды

Әскери борышын өтеген жетісулық азамат жоғары білім грантының сертификатына ие болды

Әскери қызметін лайықты өтеп қайтқан жетісулық жауынгер жоғары оқу орнының бірінде тегін білім алуға мүмкіндік алды. Бұл мүмкіндік «Срочник 2.0» жобасы аясында беріліп отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов өзінің құттықтау тілегін жеткізіп:

- Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әр азаматтың қастерлі парызы. Бұл тұрғыда сіз қатарластарыңызға лайықты үлгі көрсеттіңіз. Бүгін Мемлекет басшысының жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген «Срочник 2.0» жобасының арқасында  жоғары білім алу жолына қадам басқалы отырсыз. Жақсы оқып, еліміздің дамуына үлес қосатын білікті маман болуыңызға тілектеспіз, - деген ол текелілік тұрғын Сергей Неродаға Алматы технология университетінің электротехника және автоматтандыру факультетінде тегін білім алу сертификатын тапсырды.

Өз кезегінде жауынгер ризашылығын білдірді:

- Маған осындай мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын. Өзім Үшаралдағы шекара қызметінде өткен жылдың көктемінен осы жылдың көктеміне дейін әскери борышымды өтедім. Физикалық және әскери дайындығымды шыңдап, қатаң тәртіп мектебінен өттім. Әскерге барғаныма өкінбеймін және қатарластарыма да батыл қадаммен баруларына кеңес беремін. Әскери өмір менің болашағыма өзінің оң әсерін тигізіп, бүгін, міне, білім сертификатына ие болып отырмын. Келешекте жақсы маман болуға барымды саламын,- деді С. Нерода.   

Атап өтсек, запастағы қатардағы жауынгер Сергей Алексеевич Нерода Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында әскери қызметін өтеген. Оған жоғары білім гранты «Срочник 2.0» бағдарламасы аясында жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби білім мен дағдыларды жақсы деңгейде меңгергені үшін беріліп отыр.

 

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметі.

 Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев