Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады

Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады


Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.

– Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Бұл – айқын нәрсе. Көлік жүйесі – әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары – экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті, бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.