Жетісу облысында 18 кәсіпорында заңбұзушылық анықталды – бәсекелестікке кедергі келтіретін мәселелер жойылуда

Жетісу облысында 18 кәсіпорында заңбұзушылық анықталды – бәсекелестікке кедергі келтіретін мәселелер жойылуда

Жетісу облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті 2025 жылдың екінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелерін ұсынды.
Баспасөз жиынында департамент басшысы Маржан Кальменова өңірдегі бәсекелестік ортаны қорғау және дамыту бағытында атқарылған шараларды атап өтті. Негізгі мақсат – әділ нарықтық тәртіп орнатып, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әрекеттерді тоқтату.
Мемлекеттік сатып алудағы картельдік келісім белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, «Жетысугаз» компаниясы сұйытылған газды әр тұтынушыға әртүрлі бағамен сатқан. Департамент ескертуінен кейін бұл мәселе жойылып, бүгінде газ барлығына бірдей бағада сатылуда.
2025 жылға арналған жоспарлы мониторинг аясында 36 квазимемлекеттік субъектінің қызметі талданды. Нәтижесінде 18 мемлекеттік кәсіпорында бәсекелестік туралы заңнаманың бұзылғаны анықталып, тиісті нұсқамалар берілді.
Кәсіпорындардың қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгертуге қатысты 21 өтініш қаралып, олардың 17-сіне келісім берілді. 4 жағдай бойынша заң талаптарына сай келмегені үшін рұқсат берілмеді.