Жетісу облысы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті

Жетісу облысы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті

Жетісу облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтілді. Алдымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғанда тұратынсоғыс ардагерлері Ысқақ Құсайынов пен Төлеубай Шектібаевты үйлеріне барып құттықтады. Мұнан соң қала саябағындағы Даңқ обелискісіне гүл қою рәсімі атқарылып, оған генералдар, ардагерлер ұйымдарының мүшелері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері, депутаттар, жалпы қала жұртшылығы қатысты. Осындай салтанатты шара өңірдің барлық аймақтарында өтті. Майданда қаза болған болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, салтантты түрде қарудан аспанға оқ атылды. Бұдан әрі көпшілік  орталық алаңдағы мерекелік шараларды тамашалады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Орталық алаңда Көркемсурет мектебі оқушыларының шығармашылығынан Жеңістің 80 жылдығына арналған суреттер, М.Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттарынан тақырыптық көрмелер, Жетісу өлкесінен шыққан Кеңес одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлеріне арналған фотокөрмелер қойылды.

Көпшілікті Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.

- Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске биыл 80 жыл толып отыр. Бұл Жеңіске ата-әкелеріміздің жанқияр ерлігімен қайтпас қайсарлығының, тылдағы аналарымыздың жанкешті еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Сол бір қиын кезеңдегі халықтың қаһарман ерлігі ұрпақ үшін мәңгілік аңызға, өшпес үлгіге айналды. Бұл тарихи маңызды күннің мәнін ұғыну  бірлігімізді нығайтуға ықпалын етіп, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін еселей түседі.  Асқар тау алыстаған сайын асқақтайды. Сұрапыл жылдар тарих қойнауына тереңдеген сайын, біз үшін Ұлы жеңістің құны да биіктей береді. Біз әрқашан ашық аспан, бейбіт өмір сыйлағандары үшін майдангерлердің рухына бас иіп, ардагерлерімізге тағзым етеміз, - деген Б. Исабаев облыстың әскери қызметшілері мен ардагерлері Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен әскери шеруге қатысқанын, ал бүгін Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И. Панфилов атындағы 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының «қанатты жаяу әскері» Мәскеудегі шеруге қатысатынын атап өтті.

Сахнадағы мерекелік шара «Бабалар рухымен үндесу» атты театрландырылған көрініспен басталды. Мұнан соң облыстағыөнер ұжымдары мен әскери қызметшілердің мерекелік концертіқойылды.

Іс-шараны тамашалауға келгендер арасында Батыр ана, «Алтын алқа» иегері Дүйсенбекова Ұлтай да бар:

 - Талдықорған қаласында тұрамын. Бүгінгі мерекеге немере-шөберелерімді ертіп келдім. Соғысқа әкем мен оның екі бауыры кетіп, сол күйі оралған жоқ. Бүгінгі мерекеге сол жақын жандарымды еске алып келіп отырмын. Бізге бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерді ешқашан ұмытпаймыз, - деді ол.

- Жасым 15-те. Мерекелік шараларды көруге отбасыммен – ата-анам, екі бауырыммен бірге келдік. Бүгін – Ұлы Жеңіс күні, біз үшін ең маңызды мереке. Мерекелік шаралар бізге ұнады. Аталарымыз бейбітшілік пен еркіндік, ұрпақтардың болашағы үшін күресті. Сондықтан біз жас ұрпақ аға буынның алдында бас иеміз, - Талдықорғандағы Ушинский атындағы № 7 орта мектептің 8 сынып оқушысы Маргарита Зелинская.

 Дәстүр бойынша ардагерлерге дала асханасында дайындалған түскі ас ұсынылды. Сондай-ақ Талдықорған ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Атап өтсек, мерекелік концерт алаңда кешке де жалғасады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотосуреттерді түсіргендер: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев