Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қалыптасқан дәстүр бойынша бүгін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, талдықорғандық Ысқақ Құсайынов пен Төлеубай Шектібаевтың шаңырағына барып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен арнайы құттықтады. Ардагерлерге 80 жылдық мерейтойлық медаль және Президенттің құттықтау хатын тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы алдымен Ысқақ Құсайыновтың үйінде болып, соғыс ардагерін мерейлі мерекемен құттықтады. Ысқақ Әлпейісұлы майданға өз еркімен 1942 жылы аттанып, Отан алдындағы борышын Амур әскери-теңіз флотында өтеген. «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағын алған. Ардагердің соғыстағы да, бейбіт өмірдегі де марапаттары біршама. ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Еңбек Ері» медалі және басқа да марапаттары бар. «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атанған, өйткені ардагер өмірінің көп бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 1952 жылдан бері білім беру саласында жемісті еңбек еткен.
Мұнан соң өңір басшысы биыл 100 жасқа тоып отырған Төлеубай Шектібаев ақсақалдың шаңырағына барды. Майдан даласына 18 жасында аттанған Төлеубай ақсақал 1943-1944 жылдары Амур маңындағы қиыр шығыс шекарасын қорғаған екен. Мажарстандағы Балатон өзеніне дейін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысына қатысқан. Ал 1945 жылы 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон әскеріне қарсы соққы беріп, Харбин қаласын азат етушілер қатарында болды. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Ардагерлерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, 80 жылдық мерейтойлық медаль мен Президенттің құттықтау хатын табыстады.
- «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын.Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешіп, батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеттіңіздерБіз ардагерлеріміздің ерен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Майдангерлердің ержүректілігі – өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Өзіңізге бейбіт өміріміз үшін барша халқымыздың атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзіңізге зор денсаулық, амандық тілеймін», – делінген Президенттің құтттықтау хатында, - деп облыс әкімі Бейбіт Исабаев хат мәтінін оқып берді.
Екі ардагерге сол сияқты гүл шоқтарын, жеміс себеттері мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ал әлеуметтік қолдау шараларына келсек, биыл Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендерге біржолғы материалдық көмек көрсетуге – жалпы саны 3 215 адамға 393,8 млн.теңге бөлінді. Атап айтқанда, 3 майдангерге 5 млн. теңгеден, сол сияқты 1564 тыл еңбеккеріне 100 мың теңгеден бір реттік қаржылай көмек берілді. Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне материалдық қолдаудан бөлек, коммуналдық шығындарына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы өтемақы түрінде жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ ҰОС мүгедектеріне және оларға теңестірілген мүгедектігі бар ардагерлерге оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде және қажеттілігіне қарай техникалық оңалту құралдары беріледі. Сонымен қатар ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тыл еңбеккерлеріне жылына бір рет санаторий-курорттық емделуге тегін жолдама беріледі. Атап айтқанда, биыл өңірде 243 ардагерді қамтуға 50 млн.теңге қарастырылған.
Атап өтсек, бүгінде Жетісу облысында Жеңістің 80 жылдығына көзі тірі 2 соғыс ардагері куә болып отыр.
Соғыс жылдарында Жетісудан майданға барлығы 120 мыңнан астам адам аттанды, солардың 47 мыңы ұрыс даласынан оралмады. Бұл ретте 38 жетісулық Кеңес Одағының Батыры, 5-еуі Даңқ орденінің толық иегері, 58-і ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері атанды. Майдан даласында және тылда Жеңіс үшін жан аямай күрескен барша батырлардың есімі мен ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Жұмабай Мұсабеков.