Бүгін сенбілікке 8 мыңнан астам жетісулық шықты

Бүгін сенбілікке 8 мыңнан астам жетісулық шықты
Бүгін Жетісу облысындағы сенбілікке 8 мыңнан астам адам шықты. Тазалық шарасында облыс әкімі Бейбіт Исабаев экоактивистер, еріктілер, мемлекеттік мекемелер мен басқа да ұйымдардың қызметкерлері, жалпы өңір тұрғындары қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 
 
Осы күні Талдықорған қаласында Қаратал өзенінің бойында ұзындығы 5 шақырымнан астам өзен арнасының іргелес аумақтары тазаланды. Шараға 2 мыңнан астам талдықорғандық қатысып, 25 техника жұмылдырылды, 165 ағаш отырғызылды.
 
Сонымен қатар жеке және көппәтерлі тұрғын үйлер маңындағы аумақтар, көшелер, тротуарлар мен арықтар тұрмыстық қалдықтардан, өсімдік қоқыстарынан және құрғақ шөптерден тазартылды. Облыстың бүкіл аудан-қалаларында тұрғындар белсенділік көрсетті. 
 
- Бүгін ауылдағы үш мекеме – әкімшілік қызметкерлері, мектеп пен медицина мекемесінің мамандары бірлесіп, қоғамдық жұмыстағы азаматтар бар – бәріміз бір кісідей жұмылып, ауылымызды тазалауға, көркейтуге атсалысып жатырмыз. Көшелерді, үйлердің маңайын, арықтарды тазалап, ағаш отырғыздық. Оқушыларымыз да белсенділік танытты, - дейді Ақсу ауданы Кеңжыра орта мектебінің мұғалімі Айгерім Сабыржанқызы.    
 
Бүгін жалпы облыс аумағында шараға 8,2 мың адам қатысып, 665 түп көшет отырғызылды және 240 тонна қоқыс шығарылды.
 
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
 
Фототілші: Жеңіс Ысқабай