
Бикен Римова атындағы академиялық драма театры бүгін, яғни 16 қыркүйек күні өзінің 51-ші маусымын ашады. Театр жаңа маусымдағы алғашқы қойылымына «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін ұсынбақ.
- Кәсіби сахна дәстүрін ондаған жыл бойы сақтап, көрерменмен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерінің үздіксіз ізденісіндегі театр ұжымы үшін маусымның ашылуы – маңызды оқиға. Биыл театр жаңа маусымды көрерменге бұрыннан таныс қойылыммен бастауды жөн көрді. Бұл театрдың қалыптасқан бай дәстүрі мен қазіргі шығармашылық ізденістерінің өзара сабақтастығын көрсетеді. ««Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі театрдың репертуарына оның қалыптасу кезеңінің алғашқы жылдарында енген. Арада нешеме жылдар өткен соң қойылым қайта сахналанып, жаңа режиссерлік шешімдермен толықтырылды. Спектакльде ұлттық болмыс, музыка, хореография және ауқымды сахналық шешімдер үйлесім тапқан, – деді театр директоры Ерлік Жуасбек.
Қойылыммен үлкен шығармашылық топ жұмыс істеді. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, қоюшы суретші – Ерлан Тұяқов, композитор – Гүлнұр Нұрасыл. Музыкалық безендіру мен өңдеуді Арнай Азанбаев пен Медет Есбергенов дайындады. Балетмейстер – Салтанат Сұңғат, сахналық жекпе-жектерді қоюшы – Ернар Мекебаев.
Жаңа театр маусымы ұжымның шығармашылық жолының жалғасы ретінде көрерменге жаңа қойылымдар ұсынуға, актерлік жұмыстар мен сахналық шешімдерді паш етуге мүмкіндік береді.
Театр ұжымы талдықорғандық көрермендерді бүгін сағат 19:00-де өтетін қойылымға шақырады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотосуреттер Б. Римова атындағы академиялық драма театр тарапынан ұсынылған.