
Бүгін облыс орталығы Талдықорғандағы Оқушылар сарайында «Жаңа Конституция: адами капиталды дамыту – сапалы білім мен тұрақты болашақтың негізі» тақырыбында дәстүрлі қалалық Тамыз конференциясы өтті. Жиынға қала әкімі Ернат Бәзіл, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Конференцияны Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаева ашып, 2025–2026 оқу жылындағы жетістіктерге тоқталды және жаңа оқу жылына жоспарланған негізгі міндеттер мен бастамаларды таныстырды.
Қала әкімі Ернат Бәзіл ұстаздарға алғыс білдіріп, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Қазіргі таңда 300 орындық «Білім-Инновация» лицей-интернатының жаңа оқу корпусының құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ Көктал тұрғын үй алабындағы №11 орта мектептің сыртқы спорт алаңы жаңғыртылды.
Қала әкімі білім сапасымен қатар балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына да ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
– Біздің міндетіміз тек баланың оқу үлгерімімен шектелмеуі керек. Әр баланың қауіпсіздігі, психологиялық жағдайы, мектептегі қолайлы орта, мұғалім мен оқушы арасындағы өзара сыйластық басты назарда болуы тиіс. Әсіресе, мектептегі буллинг пен кибербуллингтің, оқушылар арасындағы қысым мен зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беру қажет, – деді Ернат Бәзіл.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаеваның мәліметінше, қаладағы барлық мектеп жаңа оқу жылына дайын. Биыл білім ошақтарына 100 жас маман жұмысқа келген. «Мектепке жол» акциясы аясында Талдықорған қаласында әлеуметтік осал санатқа жататын 5 656 оқушыға жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен әр балаға 50 851 теңге көлемінде қаржы берілсе ал, қосымша қолдауды қажет ететін 2 145 оқушы демеушілер тарапынан мектеп формасымен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілмек.
Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Талдықорған қаласы бойынша 38 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтілуде. Оның 3 мыңнан астамы бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер.