Талдықорғандық шебер Өркен Сәйдібекұлы ғасырлық ата кәсіпті жалғастырып келеді

Талдықорғандық шебер Өркен Сәйдібекұлы ғасырлық ата кәсіпті жалғастырып келеді

Соңғы жылдары Талдықорғанда ұлттық өнерді дәріптеп, дәстүрлі қолөнерді кәсіпке айналдырған азаматтардың қатары артып келеді. Солардың бірі Көктал ауылының тұрғыны Өркен Сәйдібекұлы.

Мамандығы бойынша ІТ саласында білім алған жас кәсіпкер бүгінде әке жолын жалғап, ата кәсіпті дамытуға ден қойған. Оның айтуынша, отбасында ағаштан бұйым жасау өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болған.

Бүгінде отбасы мүшелері түгелге жуық осы кәсіпке атсалысып, ұлттық нақыштағы ағаш ыдыстардың 10-ға жуық түрін жасайды. «Өрнек» цехында отбасы мүшелерін қоса алғанда 15 адам тұрақты еңбек етеді. Жұмыспен қамту бағытында қалалық Мансап орталығы да қолдау көрсеткен.

– Алғашында небәрі 5-6 арнайы қондырғымыз болды. Ол кезде ыдыстың 2-3 түрін ғана жасайтынбыз, тапсырыс та аз еді. Соған қарамастан еңбектеніп, кәсібімізді тоқтатпадық. Біртіндеп арнайы цех салып, қажетті құрал-жабдықтар алдық. Қазір шеберханада 50-ге жуық қондырғы бар. Соның арқасында ағашты сапалы өңдеп, өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік туды, – дейді Өркен Сәйдібекұлы.

Шеберханадағы жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қажетті ағаш мұқият таңдалып, сапасы мен тығыздығына қарай сұрыпталады. Шеберлер шикізатты Семей, Өскемен қалаларынан алдырады, сондай-ақ Жетісу өңірінде өсетін ағаш түрлерін пайдаланады. Негізінен қайың, тал және терек ағаштар қолданылады. Сұрыпталған шикізат төрт кезеңдік өңдеуден өтіп, дайын бұйымға айналады.

– Кез келген ағаш ыдыс жасауға жарай бермейді. Кейбір ағаш түрлері суға немесе ыстыққа төзімсіз келеді. Сондықтан сапалы әрі ұзақ пайдалануға жарамды ағашты арнайы таңдаймыз. Бір бұйымды толық дайындау процесі алты айға дейін созылады. Қазіргі таңда қымыз құюға арналған ұлттық нақыштағы жиынтықтарға сұраныс жоғары, – дейді шебер.

Бүгінде «Өрнек» шеберханасының өнімдеріне сұраныс тек Талдықорғанда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де қалыптасқан. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары Қазақстанның әр өңіріне жөнелтіліп, Қытай мен Моңғолия елдеріне де шығарылуда.

Өркен Сәйдібекұлы алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа әрі үлкен шеберхана салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ сапалы әрі жеңіл ағаштан ұлттық домбыра жасау мен киіз үйдің ағаш бөлшектерін дайындауды қолға алмақ.

Осылайша, атадан балаға мирас болған дәстүрлі өнер бүгінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық қолөнер өнімдерін шетелге танытып отырған отбасылық кәсіпке айналып келеді.