
Бүгін облыс орталығы Талдықорғанда дәстүрлі «MISS TALDYQORGAN – 2026» сұлулық байқауының ақтық кезеңі өтті.
Биыл байқауға 20-дан астам ару қатысуға өтініш білдіріп, іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша 13 бойжеткен финалға жолдама алды. Ақтық сында арулар өздерінің сұлулығы мен сахна мәдениетін, таланты мен білімін ортаға салып, бас жүлде үшін бақ сынады.
Байқаудың құрметті қонағы ретінде «MISS KAZAKHSTAN» сұлулық байқауының өкілі Алима Тулейбаева арнайы келіп, әділқазылар алқасының құрамында финалистердің өнерін бағалады. Сондай-ақ ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақылына көркі сай арулардың арасынан үздікті анықтау әділқазылар үшін оңай болмаған.
Қазылар алқасының шешімімен 20 жастағы Малика Окапова «MISS TALDYQORGAN – 2026» атағына лайық деп танылды. Жеңімпазға тәж табысталып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
– Бұл жеңіс мен үшін үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Байқау барысында өзімді жаңа қырымнан танып, мол тәжірибе жинадым. Маған қолдау көрсеткен отбасыма, жақындарыма және барша жанкүйерлерге алғыс айтамын. Енді Талдықорған қаласының атынан «MISS KAZAKHSTAN» байқауына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Республикалық додада өңіріміздің намысын абыроймен қорғауға бар күшімді саламын, – деді Малика Окапова.
Енді Малика Окапова Талдықорған қаласының атынан республикалық «MISS KAZAKHSTAN» сұлулық байқауына қатысып, өңір намысын қорғайтын болады.