Қала әкімі Қ. Жалайыр даңғылындағы №22 және №24 үйлердің тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі Қ. Жалайыр даңғылындағы №22 және №24 үйлердің тұрғындарымен кездесті

Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Қ. Жалайыр даңғылындағы №22 және №24 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен мәселелерін тыңдады.

Кездесу барысында тұрғындар балалар ойын алаңын салу, көпқабатты үйлерді табиғи газға қосу, автобус аялдамасын орнату, қоғамдық көлік санын арттыру, сондай-ақ тұрғын үйлердің сапасына қатысты бірқатар мәселе көтерді.

Қала әкімі әрбір сауалға жеке тоқталып, атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жұмыстар туралы түсіндірді. Атап айтқанда, аталған аумақта балалар ойын алаңын салу бойынша жоба әзірленіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, болашақта тұрғындардың демалуына қолайлы, заманауи талаптарға сай үлкен демалыс аллеясын салу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Табиғи газбен қамту мәселесіне қатысты қала әкімі аталған үйлерді жыл соңына дейін газ желісіне қосу жоспарланғанын мәлімдеді.

Ал автобус аялдамасын орнату және қоғамдық көлік санын көбейту жөніндегі тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, тиісті сала мамандарына мәселені жан-жақты зерделеу тапсырылды.

Кездесу соңында қала әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.