«Көшбасшы-2026»: Жетісуда алғаш рет үздік жас цифрлық көшбасшылар мен еріктілер таңдалды

«Көшбасшы-2026»: Жетісуда алғаш рет үздік жас цифрлық көшбасшылар мен еріктілер таңдалды

Жетісу облысында Халықаралық жастар күніне орай облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы – 2026» жастар сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – елдің заманауи басымдықтарын, атап айтқанда цифрлық технологияларды, жасанды интеллектті және волонтерлік қозғалысты дамыту бағыттарын айқындайтын жаңа номинациялардың енгізілуі болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының атынан іс-шараға қатысушылар мен қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.

- Бүгінде Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығында 200 мыңға жуық жас бар. Араларыңызда ел дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген азаматтар аз емес. Жыл сайын еңбектеріңізді бағалап, үздіктерді «Көшбасшы» жастар сыйлығымен марапаттау – игі дәстүрге айналды. Биыл бұл марапаттың ауқымы кеңейді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай «Үздік жас цифрлық көшбасшы», ал Халықаралық волонтерлер жылы аясында «Үздік жас волонтер» номинациялары енгізілді. Бұл – еліміздің технологиялық дамуын қолдап қана қоймай, қоғамдағы жанашырлық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды қадам, – деді Д. Есдәулетов марапаттау рәсімін бастай отырып.

Жаңа «Үздік жас цифрлық көшбасшы» номинациясының жеңімпазы Самал Серікова атанды. Ол «Future IT» мектебінде робототехника жаттықтырушысы болып қызмет етеді, сондай-ақ Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде оқу ісі жөніндегі меңгеруші және информатика пәнінің оқытушысы. Ал «Үздік жас ерікті» номинациясының жеңімпазы болып Сарқан ауданындағы қоғамдық және экологиялық бастамаларға белсенді қатысатын «Қамқор» волонтерлік ұйымының жетекшісі Ульяна Богуш танылды.

«Үздік жас спортшы» номинациясының жеңімпазы – сурдо грек-рим күресінен әлем чемпионы, Сурдлимпиада және Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, ұлттық құраманың мүшесі Рамазан Әбдрасіл болды.

«Білім және ғылым саласындағы үздік жас көшбасшы» номинациясында Текелі қаласындағы №3 орта мектептің логопед-дефектологі Наталья Железнева жеңімпаз атанды. Педагогика ғылымдарының магистрі, білікті педагог инклюзивті білім беруді дамыту жолында жемісті еңбек етіп, әрбір баланың әлеуеті мен қабілетін ашуға күш салып келеді.

Ал «Үздік жас журналист» номинациясының жеңімпазы – «DeFacto MediaHub» инклюзивті ақпараттық порталының бейнеоператоры әрі бейнемонтажері, сондай-ақ «Мендей бол» жобасының авторы Сұлтан Қалибеков болды.

Жалпы қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген жеңімпаздар 16 номинация бойынша марапатталды. 

«Үздік жас батыр» номинациясының жеңімпазы, облыстық Полиция департаменті жедел қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы, полиция майоры Жақсылық Сәрсенов өз әсерімен бөлісті.

– Биылғы жылдың 15 маусымында Көктұма ауылына қызметтік іссапармен барған болатынбыз. Кешкі сағат 17.00 шамасында ауа райы бұзылып, жел көтеріліп, Алакөлде үлкен толқын пайда болды. Жағалаудан шамамен 500 метр қашықтыққа төрт азаматты ағын алып кетті. Еш ойланбастан суға секірдім. Алдымен жасөспірім қызды, кейін оның анасын құтқардым. Үшінші рет тағы екі адамды құтқару үшін суға кірдік. Мен бұл әрекетімді ерлік деп есептемеймін. Менің орнымда кез келген адам дәл осылай әрекет етер еді деп ойлаймын. Өйткені менің басты міндетім – халыққа қызмет ету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Дегенмен көрсетілген құрмет пен ықылас үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді ол.

Өз пікірін «Үздік жас отбасы» номинациясының жеңімпазы атанған Текелі қаласындағы көпбалалы Оразалиновтар отбасы да білдірді. Ерлі-зайыпты Қуаныш пен Ботагөз медицина саласында еңбек етеді, төрт бала тәрбиелеп отыр.

– Шынымды айтсам, біздің отбасымыздың осы беделді сыйлықтың лауреаты атанғанына әлі де сене алар емеспіз. Біз Текелі қаласында тұрамыз. Жолдасым – фельдшер, өзім қалалық емханада мейіргер болып жұмыс істеймін. Үлкен қызымыз Айзада, ұлымыз Әмір, Аяна және кенже қызымыз Ерзада бар. Балаларымызды еліміздің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеуге, оларды бір-біріне қамқор болуға, айналасындағыларға жанашырлық танытуға, үлкендерді құрметтеуге, туған қаласы мен туған елін сүюге, жауапкершілік пен мақсаткерлікке баулуға тырысамыз. Бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша жанға алғысымды білдіремін. Бұл – бүкіл отбасымыз үшін үлкен әрі қуанышты оқиға, – деді Ботагөз Оразалинова.

Мерекелік бағдарлама қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты.

Марапаттау рәсімінен бөлек, қатысушылар үшін тақырыптық алаңдар, тренингтер, мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, спорттық жарыстар және интерактивті аймақтар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, облыстың барлық аудан мен қаласында өткен «Qosyl Fest» жастар фестивалінің қорытындысы шығарылып, оған 18 мыңнан астам жас қамтылды. Фестиваль аясында 230-дан астам адам жұмысқа орналастырылды, мыңдаған қатысушы мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыспен қамту, құқықтық көмек мәселелері бойынша кеңес алды, сондай-ақ «Адал азамат» жобасы мен волонтерлік қызмет аясында оқытудан өтті.

Мерекелік іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акциямен аяқталып, оның барысында жастар өзен жағалауын тазалау жұмыстарын жүргізді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фототілші: Қанат Өміралинов