Жетісу облысында фермерлікпен айналысатын жастардың қатары көбейіп, шағын отбасылық экофермалардың өнімдеріне сұраныс артып отыр. Өңір үшін тосын бағыттағы ауыл шаруашылығы кәсібін дамытуды Талдықорған қаласының жас кәсіпкері Сергей Рашевский қолға алды. Ол экзотикалық африкалық түйеқұстарды өсіріп, алдағы уақытта байланыс зообағын ашуды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сергей Рашевскийдің шағын фермасында отбасы мүшелері және бір тұрақты көмекші еңбек етеді. Маусымдық жұмыстарға қосымша тағы төрт адам тартылады. Кәсібін жүз балапаннан бастаған ол биыл құс санын 2400 басқа дейін жеткізді. Пластикалық терезе өндірісінен тапқан қаражатының 26 млн теңгесін инвестициялап, электр жарығы, желдету жүйесі, жылыту және құс өсіруге қажетті барлық жағдай жасалған жабық құс қорасын салды.
– Біз Кобб-500 және Росс-308 тұқымды құстарды өсіреміз. Бұл құстар өте нәзік келеді. Мысалы, температураның күрт ауытқуынан күйзеліске түсіп, өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен олар үшін жайлы құс қорасын салдым. Бұрын балапандарды жұмыртқадан шығарып өсіретінбіз, қазір Алматыдан бір тәуліктік балапандарды сатып алып, шамамен 45-50 күн өсіреміз. Оларды отандық құрама жеммен қоректендіреміз, сондай-ақ ұсақталған жүгері мен бидай қосамыз. Осы уақыт ішінде жас тауықтың салмағы 2-3,5 келіге дейін жетеді. Өнімімізді тек тұтас күйінде ғана емес, бөлшектеп өңдеп, «Экоферма» брендімен қаптап сатамыз. Өнімді өткізуде бізге, әрине, интернет, сондай-ақ базарлар мен шағын дүкендер көмектеседі, – дейді Сергей.
Айта кету керек, фермер құстарды күтіп-бағуда тазалыққа ерекше мән береді. Құсты сойғаннан кейін қорасы бірнеше кезең бойынша дезинфекциядан өткізіледі, ал еденге әр жолы жаңа үгінді төселеді.
– Осылайша келесі балапандар өздерін жайлы сезінеді, көңіл-күйлері жақсы болады әрі жақсы өседі, – дейді жас фермер.
Сергейдің қорасындағы ең қызықты тіршілік иелері – африкалық түйеқұстың балапандары. Әзірге олардың саны екеу ғана, бірақ бастамасы жасалды. Екі айлық түйеқұс балапандары жаңа ортаға бейімделіп, өздерін сипауға да мүмкіндік береді.
– Қазір оларды өсіру тәжірибесін жинақтап жүрмін. Дұрыс күтім мен баптау жағдайында түйеқұстар жергілікті климатқа жақсы бейімделеді. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, түйеқұс жұмыртқасы мен етін сатуды жоспарлап отырмын. Жалпы, түйеқұс еті диеталық әрі құнарлы болып саналады, ал жұмыртқасы мен қауырсындарына да сұраныс бар. Бірақ бұл – жоспарымның бір ғана бөлігі. Негізгі арманым – өзімнің байланыс зообағымды ашу. Алдымен эму, тауыс, аққу және басқа да экзотикалық құстарды әкелуді көздеп отырмын. Саяжай аумағы оған мүмкіндік береді, әрі ешкімге кедергі келтірмейміз. Өзім пластикалық терезе өндірісімен 14 жылдан бері айналысып келемін. Енді ісім тек табыс қана емес, жан тыныштығын да сыйлағанын қалаймын, – дейді фермер.
Экоферма иесінің жоспарына сәйкес, байланыс зообағын ашу отбасылық демалысты тиімді ұйымдастыруға, мектеп оқушылары мен барлық ниет білдірушілерге экскурсиялар өткізуге мүмкіндік береді.
– Әрине, мемлекеттік қолдау алғанды қалаймын. Маған «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес беріп жатыр. Жалпы, кезең-кезеңімен фермерлікпен толық айналысуға көшіп, жерлестерімнің игілігі үшін экологиялық таза азық-түлік өндіріп, осылайша өз өңіріме, өз еліме пайда әкелгім келеді, – деп түйіндеді фермер.
Айта кету керек, қазіргі таңда Жетісу облысындағы құс саны 1,7 миллион бастан асады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Олжас Құрмашев