Талдықорғанда құрылыс саласының үздіктері марапатталды

Талдықорғанда құрылыс саласының үздіктері марапатталды

Бүгін Талдықорған қаласындағы «Салтанат сарайында» Құрылысшылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Ернат Бәзіл құрылыс саласы елдің дамуы мен өркендеуінің, тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды негіздерінің бірі екенін атап өтіп, сала ардагерлері мен үздік мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз ісіне адалдық танытып, қаланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар құрылысшылар марапатқа ие болды.

Марапатталғандардың қатарында «АС-Құрылыс» ЖШС-нің директоры Жұмабай Әділбеков те бар. Ол «Талдықорған қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Жұмабай Әділбеков кәсіби қызметімен қатар қайырымдылық шараларына да белсенді қатысып келеді. Өз қаражаты есебінен қалалық «Айналайын» балалар үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, І топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны Зәуре Даирбекованың үйіне жөндеу жұмыстарын жасап берген.

Өз сөзінде қала әкімі құрылыс саласының қарқынды дамуы Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

Биылғы жоспарға сәйкес қалада жалпы көлемі 177,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 500-ден астам пәтер халық игілігіне берілмек.

Айта кетейік, «Бірлік» шағынауданында орналасқан 170 пәтерлі екі несиелік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабындағы 200 пәтерлі бес қабатты бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, қолданысқа беру жоспарланған.

Сонымен қатар, бүгінде облыс орталығында тұрғын үймен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, 11 және 12-шағын аудандардағы кварталдық қазандық, бір ауысымда 500 келушіні қабылдайтын емхана, Қаратал өзенінің оң жағалауындағы 150 орындық оңалту орталығы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи спорт кешені салынуда.