Жетісуда бірінші жарты жылдықта 48 мың тонна ет, 105 мың тонна сүт өндірілді

Жетісуда бірінші жарты жылдықта 48 мың тонна ет, 105 мың тонна сүт өндірілді

Жетісу облысында бірінші жарты жылдықта ет және сүт өндірісінде ілгерілеу бар. Атап айтсақ, өңірде өткен алты айда 47,2 мың тонна ет, 104,7 мың тонна сүт өндірілген. Жалпы, бүгінгі күні облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі 68% жетті, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 36 тауарлы сүт фермасы, 74 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі  Талдықорған қаласындағы «Матаев» шаруа қожалығына тиесілі бордақылау алаңы.  Мұнда тәулігіне 1 тоннаға дейін ет өндіріледі.

Бұл шаруа қожалығы ширек ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Десе де шаруашылықтың қарқынды дамуы 2019 жылдан басталды. Отбасылық кәсіптің қазір отбасының үшінші буыны басқарып келеді.

Шаруашылық меңгерушісі Аркен Қайратовтың айтуынша, кәсіпорынның қуаты бір мезгілде 4 мың басқа дейін ірі қара мал ұстауға жетеді. Мұнда мал ұстауға арналған жабық және ашық алаңдар қарастырылған. Малды күтіп-бағу процесі толықтай автоматтандырылған. Қазіргі уақытта бордақылау алаңында 500-ге жуық бұқашық семіртіліп жатыр.

– Біз жас малды өңір тұрғындарынан, фермерлерден сатып аламыз. Негізінен әулиекөл, қазақтың ақбас және қалмақ тұқымды ет бағытындағы бұқашықтарды аламыз. Бордақылау малдың шамамен алты айлығынан басталып, қажетті салмаққа жеткенше жалғасады. Осыдан кейін бордақыланған мал шаруашылықтың сою пунктіне жіберіледі. Кейін ет бөлшектеу цехына жеткізіліп, лицензияланған зертханада ветеринарлық тексеруден өтеді. Осылайша, малды өсіруден бастап дайын өнімді саудаға шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңдер шаруашылықтың өз бақылауында болады. Өнім шаруашылықтың өзіне қарасты сауда орындары арқылы сатылады, – дейді Аркен Қайратов.

Фермадағы жұмыстардың басым бөлігі заманауи техниканың көмегімен атқарылады. Арнайы жабдық арқылы жем-шөп ұсақталып, араластырылады, су автоматты суаттар арқылы беріледі, аумақты тазалау жұмыстары да толықтай механикаландырылған, – дейді Аркен Қайратов.

Шаруашылықта ветеринариялық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген.  Малдың денсаулығын мамандар тұрақты бақылауда ұстайды, барлық вакцинация жұмыстары мен қажетті профилактикалық шаралар уақытылы жүргізіледі.

Шаруашылық малды жем-шөппен мүмкіндігінше өз күшімен қамтамасыз етуде. Ол үшін  шамамен 1 мың гектар жайылымдық жерін тиімді пайдаланып келеді. Сонымен қатар 700 гектарға жуық мал азығын өсіретін алқабы бар, онда арпа мен бидай өсіріледі. Қажеттілігіне қарай жем-шөптің бір бөлігі сырттан сатып алынады. Шаруашылықтың иелігінде тракторлар мен комбайндарды қоса алғанда онға тарта ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Шаруашылықта қымыз өндіру ісі де қолға алынғанын атап өтуге болады. Әзірге бұл бағыт тәжірибе ретінде іске асырылуда. Биелер күніне бірнеше рет сауылып, қымыз  дәстүрлі рецепт бойынша дайындалады. 

- Қазіргі таңда шаруашылықта 150-ге жуық жылқы бар. Жоспар бойынша жыл сайын 25 мың литрге дейін қымыз өндіру көзделген. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, ет өндірісін ұлғайтуды және мал шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін шығаруды дамытсақ деп жоспарлап отырмыз, - дейді жас фермер.

Атап өтсек, бүгінде шаруашылықта онға жуық адам еңбек етеді. 

Жалпы, облыста 583,8 мың бас ірі қара, 2,1 млн бас ұсақ мал, 240 мың бас жылқы, 2,8 мың бас түйе және 1,8 млн бас құс тіркелген. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 123 кәсіпорын жұмыс істейді. Осы жылдың қаңтар–маусым айларында 51,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов, сол сияқты бірқатар фтосуреттер фермердің жеке архивінен алынды.