
Талдықорғанда арық желілерін тазалау және жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Облыс орталығы Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы демалыс орындары, жол жиектері және арық желілері тұрақты түрде тазартылуда. Сонымен қатар арық арналары тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылып, көпір өткелдеріндегі құм мен лайды шығару жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде қала аумағында жалпы ұзындығы 380 шақырымға жуық арық желісі бар. Сондай-ақ ұзындығы 25,3 шақырымды құрайтын 6 магистральды канал мен 710 көпір өткелі орналасқан. Жыл сайын осы арық және канал жүйелері арқылы 17 миллион текше метрге жуық су өткізіледі.
Қаладағы арық желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Биыл Ақбастау көшесінде орналасқан 5 шақырым арық желісін жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Ал өткен жылы 7,4 шақырым арық желісі күрделі жөндеуден өткен болатын.
Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің айтуынша, соңғы үш жылда арық желілерін қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
- Кейбір арықтар болғанымен, олар арқылы су мүлде өтпегені анықталды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы арық желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Бұл жұмыстар жасыл желектерді тұрақты суаруға мүмкіндік беріп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Алдағы негізгі мақсатымыз қала аумағындағы барлық арық желілеріне судың тұрақты жетуін қамтамасыз ету, – деді Қуаныш Сейтімбетов.