Қала әкімі автоматты суару жүйелері мен әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты

Қала әкімі автоматты суару жүйелері мен әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты

Қала әкімі автоматты суару жүйелері мен әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл автоматты суару жүйелері орнатылған «Жастар» саябағы мен Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс аймағын аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.

Алдымен қала басшысы «Жастар» саябағында болды. Мұнда ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын автоматтандырылған суару жүйесінің құрылысы толық аяқталған. Қазіргі таңда жүйені іске қосу-баптау, сондай-ақ көгал төсеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Одан кейін әкім Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс аймағында орнатылған автоматты суару жүйесінің жұмысын көрді. Бұл аумақта ұзындығы 22,5 шақырым болатын суару желісі толық тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Бүгінде аумақта гүл отырғызу, көгалдарды қалпына келтіру және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жалғасуда.

Нысандарды аралау барысында Ернат Бәзіл жауапты мердігерлерге автоматты суару жүйелерінің үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, жасыл желектерді тұрақты суаруды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ қала әкімі Еркін ауылындағы құрылысы толық аяқталған Мәдениет үйін аралап көрді. 105 орындық бұл нысан өңірдегі алғашқы инклюзивті Мәдениет үйі. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта ауыл кітапханасы, түрлі шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және толық жабдықталған көрермен залы қарастырылған.

Жаңа Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.