Қала әкімі бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралады

Қала әкімі бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралады

Қала әкімі бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралады

Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен қала әкімі «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан бес қабатты бес тұрғын үйдің құрылыс қарқынын көріп, жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды.

Одан кейін әкім «Оңтүстік-Батыс» ауданында бой көтеріп жатқан жаңа қазандықтың құрылыс алаңында болып, жауапты мердігерге жұмыс қарқынын күшейтіп, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ қала басшысы Жансүгіров көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Ол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін Ернат Бәзіл Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс аймағында орнатылған автоматты суару жүйесінің жұмысымен танысты. Жоба аясында суару жүйесі 70 секторға бөлінген және әр сектор 4-5 минуттық режиммен кезекпен суарылады. Қала әкімі жасыл желектердің тұрақты суарылуын және оларды күтіп-баптау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Жауапты мердігердің айтуынша, қазіргі уақытта аумақта көгалдандыру жұмыстары жалғасып, жақын күндері гүл отырғызу жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек қала әкімі көркемсурет галереясының ғимаратында басталған қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Жоба аяқталғаннан кейін бұл нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған креативті орталық ретінде қала тұрғындарының игілігіне беріледі.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша қала әкімі барлық жұмыстардың сапалы орындалуын, құрылыс қарқынының төмендемеуін және белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырып, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты міндеттер жүктеді.