
Назар аударыңыз! Суши мен роллдарды тұтыну кезінде сақтық шараларын сақтаңыз
«Талдықорған қалалық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ суши мен ролдарды тұтыну кезіндегі қауіптер туралы ескертеді Комитет халықты суши мен ролдарды тұтынуға байланысты ықтимал қауіптер туралы хабардар етіп, аталған өнімді таңдау кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырады. Суши мен ролдар эпидемиологиялық қаупі жоғары өнімдер қатарына жатады, себебі оларды дайындау барысында шикі, аз тұздалған немесе маринадталған балық, теңіз өнімдері және басқа да тез бұзылатын ингредиенттер пайдаланылады.
Мұндай өнімдер көбіне толыққанды термиялық өңдеуден өтпейді. Дайындау, сақтау және өткізу технологияларының бұзылуы салдарынан мұндай өнімдер тағамнан улануға, жіті ішек инфекцияларына және паразиттік ауруларға себеп болуы мүмкін.
Шығу тегі белгісіз шикізатты пайдалану, температуралық режим мен сақтау мерзімдерін сақтамау, өнімді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайларда дайындау, сондай-ақ оны рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалар мен әлеуметтік желілерді қоса алғанда, бейресми арналар арқылы өткізу ең үлкен қауіп тудырады.