
Ернат Бәзіл мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерін марапаттады
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Талдықорған қаласында салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шара Салтанат сарайында ұйымдастырылып, оған мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері қатысты. Жиында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғам игілігі жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарын марапаттады.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
- Мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласы ел тұрақтылығы мен дамуының берік тірегі. Сіздер халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы еңбек етіп келесіздер. Бүгінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қалада қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл істе сіздердің үлестеріңіз ерекше. Ел игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін, - деді.
Шара барысында мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген 50-ге жуық қызметкер Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің орынбасарлары Рүстем Бершінбеков пен Қуаныш Сейтімбетов «Талдықорған қаласына сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сонымен қатар мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі мен кәсіби жетістіктері үшін 18404 әскери бөлімінің мәдени демалыс орталығының бастығы, аға лейтенант Ильяс Рыспаев және 21751 әскери бөлімінің лейтенанты Алмаз Джамагулов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде Талдықорған қаласында 123 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олар мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен қаланың тұрақты дамуына өз үлестерін қосып келеді.