
Талдықорғанда тротуар қарастырылмаған аумақтарда жаяу жүргіншілер жолдары салынды
Облыс орталығы Талдықорғанда инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, жалпы ұзындығы 800 метрді құрайтын бірнеше ықшам аудандарда жаңа жаяу жүргіншілер жолдары салынды.
Жаяу жүргіншілер жолдарының салынуы тұрғындар үшін үлкен қолайлылық туғызып, әсіресе балалардың мектепке кедергісіз және қауіпсіз қатынауына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Жастар шағын ауданында орналасқан №42 балабақша, «Айналайын» балалар үйі және №16 мектеп маңында бұрын жаяу жүргіншілер жолы болмаған. Қазіргі таңда бұл аумақтарда тротуарлар салынып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Сонымен қатар, Қазақстан көшесінен Ғали Орманов көшесіне дейінгі аралықта да жаяу жүргіншілер жолы болмаған еді. Бүгінде бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп, Төлебаев көшесінің бойымен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысы қамтамасыз етілді.
№31 үйдің тұрғыны атқарылған жұмыстарға өз пікірін білдірді:
- Үйіміздің маңында жаяу жүргіншілер жолы болмағанына қатты қиналатынбыз. Жаз мезгілінде балалардың емін-еркін жүруі қиын болатын, ал жаңбырлы күндері тіпті жүру мүмкін емес еді. Жаяу жүргіншілер жолының салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл тұрғындарға жасалған үлкен қамқорлық, - дейді қала тұрғыны.
Жалпы, атқарылған жұмыстар қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.