
🔻 Ернат Бәзіл жылу инфрақұрылым нысандарын аралады
Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағында қарқынды жүргізіліп жатқан жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.
Алдымен қала басшысы Біржан сал көшесіндегі жылу желілеріне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Аталған нысанда «Ұлттық жоба» аясында ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу желілері жаңғыртылуда.
Одан кейін әкім Жансүгіров көшесіндегі жұмыстардың орындалу барысын тексерді. Мұнда «Ұлттық жоба» шеңберінде диаметрі 700 мм болатын магистральдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба Гагарин көшесінен Ескелді би көшесіне дейінгі 3,5 шақырым аумақты қамтиды.
Мамандардың мәліметінше, Жансүгіров көшесіндегі жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарлауда.
Аталған жобалар тұрғындарды алдағы жылыту маусымында сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аралау барысында қала әкімі Біржан сал көшесіндегі жұмыстардың қарқынын күшейтіп, екі ауысымда жұмыс ұйымдастыруды және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын тапсырды. Ал Жансүгіров көшесіндегі жұмыстардың белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтіп, аяқталған учаскелерде көлік қозғалысын мүмкіндігінше ертерек ашу қажеттігін айтты.