Талдықорғанда Жетісу облысының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы бойынша жиын өтті

Талдықорғанда Жетісу облысының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы бойынша жиын өтті

Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзілдің төрағалығымен Жетісу облысының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасы бойынша жиын өтті

Жиын барысында өңірдің, оның ішінде Талдықорған қаласының алдағы 30 жылдағы даму бағытын айқындайтын аумақтық қала құрылысы жоспарлаудың кешенді схемасы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, құжатта елді мекендерді дамыту, инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарын қорғау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және табиғи қауіптердің алдын алу бағыттары қамтылған.

Жоба аясында облыстың, оның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жүргізіліп, демографиялық үрдістер, экономика, ауыл шаруашылығы, туризм, инженерлік инфрақұрылым және экологиялық мәселелер зерделенген.

Кешенді схеманы әзірлеу жұмыстары өткен жылы басталып, биыл аяқталады деп жоспарлануда. Құжат мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіледі.

Айта кетейік, жоба аясында Алакөлге апаратын негізгі автожолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту, «Алажиде – Үшарал» жаңа теміржол желісін салу, сондай-ақ «Алматы – Өскемен» республикалық автожолы бойындағы Балпық би, Бақтыбай және Талдықорған қаласын айналып өтетін жаңа айналма жолдардың құрылысы қарастырылған.